Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос майданның жауынгері

Қос майданның жауынгері

Адамзат ғұмырында ұмытылмайтын, ескірмейтін тарихи оқиғалар жетерлік. Соның қатарындағы Екінші дүниежүзілік соғыс тарих бедерінде мәңгі сақталды. Өйткені сұм соғыста Отан үшін от кешкен жауынгерлер адам айтса сенгісіз күндерді басынан өткерді. Сол ерлердің арқасында биыл Жеңіске 78 жыл толады.  Ал бір емес, қос майданда болған адам бар десе, сенер ме едіңіз?

Иә, қан майдандағы небір сұрапыл оқиғалардың басы-қасында жүрген осындай қазақ азаматтары да бар. Солардың бірі – Нұрман Қияқбаев. Оның алғашқы көрген майданы Фин соғысы еді.

Ол 1913 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Нұрман анасының құрсағында болғанда әкесі дүниеден өтеді. Балалық шағы қиын-қыстау заманға тап келген ол ерте есейді. «Жығылғанға жұдырық» демекші, ес жиып, жігіттік жасқа жеткенде ажал анасынан да айырады. Тағдыр қанша тарынса да тәлкек болмаған Нұрман Қызылорда қаласындағы сол кездегі «Ақмешіт» педагогикалық училищесіне оқуға түсті.

Дипломын қолына алған соң жолдамамен Жаңақорған ауданына барып, мұғалімдік қызмет етті. Бірақ оның өмірінің бұл кезеңі де ұзаққа созылмады. 1937 жылы Нұрман Қияқбаев әскер қатарына шақырылады. Борышын өтеп жүріп пулеметшілер курсын тәмамдаған жас жігіт 1939 жылы Фин соғысына аттанды. Майдандағы оқ пен оттың ортасынан аман қалған сарбаз енді ғана елге оралуға қамдана бергенде алдағы армандары мен үміттерін 1941 жылы басталған алапат соғыс бұзды. Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанды. Епті деген ер жігіттердің бәрі майдан даласына аттанды. Отан үшін оқ пен оттың ортасында жүріп, жауға қарсы шықты. Сол сап түзеген жауынгерлер арасында Нұрман Қияқбаев та болды.

Ол 1941 жылдың маусымы болатын. Сөйтіп елге қайтпастан Калининград қаласындағы майдан шебіне жіберілді.  Фин соғысында небір жорық жолдарынан өткен, шайқас көргіп ысылған жауынгер немістермен соғыста пулеметшілер сапында батыл соғысып, ерліктің үлгісін көрсетеді. Майдан даласында бірнеше рет жарақат алып, бір саусағынан айырылады.

Н.Қияқбаев 1945 жылы жеңісті Берлинде қарсы алып, сол жылдың желтоқсанында елге оралды. Майдан даласындағы көрсеткен ерлігі үшін «ІІ дәрежелі Отан соғысы» және үшінші дәрежелі «Даңқ» орденімен және «Германияны жеңгені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.

Елге келгеннен кейін Шиелі ауданындағы өндіріс орындарының біріне ағаш шебері болып жұмысқа орналасты. Сөйтіп жүріп 1946 жылы Сапаркүл Сейілханқызымен бас қосты. Екеуі 2 ұл, 5 қыз тәбиелеп өсірді. Нұрман Қияқбаев зейнетке шыққан соң да қарап жатпады. Өмірінің соңына дейін иығына кетпенін асып, егін екті. Жыл сайын 2 гектар алқапта өсіріп баптаған қауыны мен картобын совхоздарға өткізіп, шаруасын дөңгелетті. Соғыста болдым, зейнеткермін демеді. «Шалқайып елден сұрағанша, еңкейіп жерден сұра» деген тәмсілді ұғып, ата кәсіппен айналысты. Тек өмірінің соңғы бір жылында дерті дендеп, төсек тартып жатты. Ұл-қыздары соғыс жайлы сұрағанда «Жамандық  жайлы айтпайды» дейді екен қария.

Қан майданда Отан үшін от кешіп, ерлік көрсеткен, бейбіт өмірде ерен еңбек үлгісін танытқан майдангер 1991 жылы 78 жасында өмірден озды. Арда ұлдың жасаған ерлігі ұмытылмасы хақ. Екі майданның ері атанған, қандай қызмет атқарса да қырандай қалғымай еңбек еткен, адалдық пен парасаттылықтың биік үлгісі болған Нұрман Қияқбаевтың шежірелі өмір жолы  – кейінгі буынға үлгі-өнеге.
02 мамыр 2023 ж. 190 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930