Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеңіс жолында күрескен жауынгер

Жеңіс жолында күрескен жауынгер


Адамзат баласы жаратылғаннан бері күні бүгінге дейін жерге қаншама қасірет төніп, қаншама көз жас­ы көлдей төгіліп, қаншама ана жесір, қаншама бала жетім қалды десейші?! Ұлы отан соғысы деп аталған II дүниежүзілік қанды қырғынның аяқталғанына да биыл – 76 жыл. Сол күндей күркіреп келген соғыста, жаңбырдай жауған оқтың ортасында жанын шүберекке түйіп, жұртым деп қару асынған ардагерлеріміздің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.
Сол кездегі адамдардың елге, жерге деген патриоттық сезімін, ержүректілігі мен төзімділігін паш ететін, мәңгі тарихта қалған Ұлы Отан соғысының жанға салған жарасы жазылар емес. 1925 жылдың 2 қаңтар күні Шиелі ауданы, Бестам ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген Төлепберген Әшірбековтың балалық шағы өте ауыр болады. Аштық бүйірден қысқандықтан жас өскін еңбекке ерте араласады. Өзі туған ауыл мектебінде төрт жылдық бастауыш сыныпта білім алған оны еңбек ерте есейтеді. Тылда тер төгіп жүрген жас Ұлы Отан соғысына 1943 жылы Шиелі аудандық әскери комиссариаты арқылы аттанған. Осы жылғы 1 қыркүйекте ант қабылдап, 391-ші атқыштар полкінің құрамына қабылданған. Майданда көздеуші болған жас солдат талай фашисттің көзін жойып, жеңісті жақындатуға үлес қосты.
Сондай-ақ, жауынгерлік жолда Австрия, Венгрия, Чехословакия қалаларын фашист әскерлерінен тазартуға қатысып, азаматтық парызын адалдықпен атқарған көздеуші 1941-1945 жылдар аралығында екі мәрте «Ерлігі үшін», ­«Австрия мен Венгрия қаласын қорғағаны үшін», «Берлин қаласын алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталады. Ұлы Отан соғысының 20, 30, 50, 60, жылдық төс белгісін омырауына тағуы да оның соғыста көрсеткен ерлігінің еленгені деуге болады.
Осылайша оқ пен оттың бұрқасында Жеңіс туы тігіліп, бейбіт күннің жақындауына салмақты үлес қосқан майдангердің жүріп өткен жолына бойласақ, сұрапыл сәттердің қандай азапты да ауыр болғандығын терең ұғынамыз.
Бейбіт өмірдің белсенді азаматы 1946 жылы соғыстан оралған соң, 1954 жылы Сарыағашта, 1961 жылы аудандық тұтынушылар одағында, 1962 жылы аудандық астық тарату мекемесінде күзетші болып жұмыс атқарып, 1969 жылы зейнет демалысына шығады. Ғұмырының соңына дейін өнегелі, ізгі ісімен кейінгі буынға үлгі болды. Соғыс аяқталып, ауылға келген сарбаз Перуза Жүнісовамен отау тігеді. Жұбайы Перуза Жүнісова екеуі 2 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіреді. Перзенттерін еңбекке бау­лып, тазалыққа, турашылдыққа тәрбиелеп, темірдей тәртібінің арқасында ұл-қыздары әр саланың тізгінін ұстайды. Міне, ауылдың құрметті ақсақалы, отбасының тірегі, асқар тау әке Ұлы Жеңіске жетуде өмір мен өлім арасында арпалысқан батырдың дара жолы осындай. Төлепберген Әшірбеков 1983 жылы, яғни 58 жасында өмірден озды. Өзі өлгенімен артында өлместей із қалдырды. Ақсақалдың көзі тірісіндегі жалғыз тілегі «елдің амандығы мен жұртының тыныштығы» болатын. Майдангердің тілегі қабыл болсын деп, түйіндемекпіз.

Шапағат Тілеубаев
04 мамыр 2021 ж. 494 0