АҚПАНДА АҚЫН ТУҒАН КҮН

Әдеби-сазды кешті №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 9 сынып оқушылары мен қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақбөпе Тұрлыбаева ұйымдастырды. Шараға әдебиет әлемінде жүрген бірқатар сала мамандары қатысты. Жиын басы қыран тағдырлы ақын Мұқағали Мақатаевтың өмір жолындағы деректерге шолу айдарымен басталды. Сондай-ақ ақынның өмірбаянынан сыр шертіліп, таңдаулы өлеңдері оқылды. Бұдан әрі оқушылар мұзбалақ ақынның «Махаббат диалогы» өлеңінен шағын көрініс көрсетіп, көрермендерге ерекше күй сыйлады. Көріністен кейін Айдаулет Бақытов М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» атты әнін шырқап, кеш қонақтарының ыстық ықыласына бөленді. Осыдан соң оқушылар домбыра шертіп, күй ойнап кештің сәнін одан әрі келтірді. Сонымен қатар шара барысында кітапханашы С.Ерғали «Жүректерде жүрейінші жаңғырып...» атты М.Мақатаевтың 20 кітабынан дайындалған кітап көрмесіне шолу жасады.
Аталған кеште өнер көрсетіп, өлең оқыған оқушыларға арнайы алғыс хаттар мен мақтау қағаздары табысталды.
Сымбат СҰЛТАН