Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қара сөзге қасиет қондырған ақын

Қара сөзге қасиет қондырған ақын

Ақпанның тоғызыншы жұлдызында қара өлеңнің қасиетін ұғынған тау тұлғалы ақиық ақын Мұқағали Мақатаев дүние есігін ашты. Бүгінде әр қазақ оның қаламынан туған жырларын жатқа біледі. Оның жұдырықтай ғана жүрегінен туған әрбір туындысы көңіл пернесін шертіп өтеді.

...Жерде жүрген ақын деген пендемін.
Мен өмірді жырлау үшін келгемін!,-деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың өлмес мұрасы – өлеңі. Жылдар ілгері жылжыған сайын артындағы өшпес мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Оларды тебірене оқи отырып, өмір шындығы, уақыт тынысы, жүрек ырғағы, сезім сырлары қабаттаса өрілген өлең жолдарындағы ақындық рухқа бас имеске болмайды.
Мұқағалидың жауһар жырлары жыл өткен сайын қараңғы түн қойнауынан сәулесін шашқан жарық жұлдыздай жарқырай, айшықтала түсті. Ақиық ақын жанға жақын жырларымен адам жанына қуат, бойына күш-жігер сыйлады. Осы орайда ақынның туған күніне орай Талаптан ауылдық округінің «Мәдениет үйінде «Әр өлеңі – бір әлем» атты Талаптан ауылдық Мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған шара қызықты әрі тартымды өтті. Аталған кештің шымылдығы ақынның «Менің анкетам» шығармасымен ашылды. Мұнан соң ақынның өмір жолына негізделген бейнеролик көрсетілді. Кеште мәдениет үйінің қызметкерлері Ә.Мұсатаев «Сенің көзің», Е.Атабаев «Күрең күз» , А.Бекбаулиев «Отыздан асып барамын» Т.Әбиев «Саржайлау» әндерін орындап, көпшілік назарына ұсынды. Бір жағынан жиналған жұртқа жадыраңқы көңіл-күй сыйлады.
Келесі кезекте №50 Абай атындағы орта мектептің оқушылары мен кітапхана оқырмандары ақиық ақын өлеңдерін жыр шашу етті. Сонымен бірге, клубтың кітапханашысы Ә.Дүрманова ақынның кітаптарымен таныстырып, мазмұнына тоқталып өтті.
Кеш соңында ақын Т.Күзембаев өзінің жүрекжарды туындысын оқыды. Сонымен қатар көрермендер арасында ақынның жыр жауқарын жатқа оқып, көптеген жарыстарда топ жарып жүрген Ерсұлтан Дүйсенұлы «Поэзия! Менімен егіз бе едің?» өлеңін оқып, көрермендерді бір серпілтті.
Иә, бір кездері ақын Тұманбай Молдағалиев «Қазақ жырының аспанындағы аз ғана жұлдыздардың арасындағы сенің жұлдызыңды біз оңай танушы едік. Сенің жұлдызың ең шұғылалы, ең мейірімді жұлдыз» деген екен. Мұқағали шын мәнінде бір туар тұлға екенін халыққа таныта білді. Оны осы өткен кеш айқындай түскендей.

Ш.Тілеубаев
11 ақпан 2022 ж. 379 0