«Жырлайды жүрек» театрландырылған фильм концерт
9 - Ақпан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні. Бір емес 2 туған күні бар ерекше ақын биыл тірі болғанда 90 жасқа аяқ басады екен. Өмірден өткеніне жарты ғасыр болса да жыл өткен сайын шайырдың оқырмандар саны артпаса кеміген жоқ. Керсінше сезімге толы жырлары арқылы халыққа жақындай түсті.
Мұзабалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толуы еліміз үшін айтулы мереке. Осыған орай облыстың түкпір-түкпірінде жыр кештері өтуде. Міне осындай ғибратты жиынның бірі киелі мекен – Шиелідегі «Арман» мәдениет үйінде ұйымдастырылды. Кештің қонағы ретінде өңірдің рухани өмірінің өрістеуіне үлес қосып жүрген алдыңғы буын аға-апалар мен жаңа толқын, өлең сүйер өрендер шақырылды.Жыр кешінде «Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, шаң басқан архивтерден табылармыз» деп жырлаған Мұқаңның жырлары шаң басқан архивтерден емес, әр қазақтың төрінен табылатын күйге жеткендігіне тағы бір көзіміз жеткендей болды. Себебі залдың көп бөлігіне ақынның өлеңіне ғашық жастар жайғасқан. «Жырлайды жүрек» деп аталған қойылымның форматы тым бөлек биыл. Жай ғана жыр кеші емес, театрландырылған фильм концерттің куәсі болдық. Сахна артындағы үлкен экран да қойылымның ажарын аша түскендей.
Қойылым Мұқаңның іңгәлап дүниеге келген үнімен басталды. Ұйымдастырушылар «неңді сенің аңсаймын бала шағым» деп жырлаған ақынның өлеңі арқылы оның балалық шағы қиындықпен өткенін есімізге салды. Қойылымда «Сәби болғым келеді», «Бесік қасында» әндері шырқалып, «Арман би» тобының орындауындағы аққу биімен жалғасты. Оқиға одан әрі өрбіп, ақынның боз бала шағы, Лашынмен танысқан кезеңі «Сенің көзің» әнімен бейнеленді. Кеште ақынның «Сені іздедім», «Мен нағыз махаббаты армандаймын» атты махаббат тақырыбындағы әндер де шырқалды. Кеш ортасына таяп, одан әрі қарай ақынның туған жерге деген махаббатты қойылыммен өрнектелді. Алғашқы болып жергілікті ақын Бекжан Ержігіттің «Қарасазға арнау» өлеңіне жазылған ән шырқалып, кейін Мұқаңның «Туған өлке», «Отан» әндері рухани кештің сәнін кіргізді.
Ер азаматтың өмірінде әйелдің орыны ерекше екендігі белгілі. Мұқағалидің көптеген жырлары осы әйел тақырыбына арналған. Ұйымдастырушылар да келесі қойылымын осы әйел тақырыбына арнауды жөн көріпті. Қойылымда Мұқағалидің әйелімен болған әңгімесі, әйелінің «маған гүл сыйламайсың» деген аздаған еркелігі, назы келтірілді. Мұқаңның бүкіл ғұмырын суреттеген фильм концерт «Әйелдер-ай», «Айтатын саған сырым бұл», «Мен деп ойла» өлеңдерімен жалғасып, көптің көзіне жас келді.
Ал енді Мұқағалимен қоштасар сәтте келіп қалды. Келген жұрттың ақынды, оның өлеңдерін қимай отырғандығы көз жанарларынан байқалды. Жарықтар сөніп, «Есіңе мені алғайсың» поэзиясын жергілікті өнерпаздар Дәурен Беркімбаев, Айгүл Еркінбекқызы орындады. Ұйымдастырушылардың қаншама төккен тері текке кетпегенін залдағы жұрттың шапалағынан-ақ байқауға болады. Кеш соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев пен білім саласының үздігі Нәйла Палымбет қорытынды сөз алып, ұйымдастырушыларға, келген қалың көрерменге алғыстарын білдірді. Исабек Байкенжеев «Қазақ өнерінің поэзия жанрында Төлеген Айбергенов, Қасым Аманжолов секілді алыптар болса, солардың жалғасы міне осы Мұқағали Мақатаев. Мен де Мұқаңның өлеңдерін сүйіп оқыдым. Міне, қазір көріп отырғанымыздай Мұқаң 45 жыл бұрын өмірден ерте өтсе де, өмірінің екінші кезеңі өнерінің өмірі ұзақ болу тағдырына жазылған екен. Ал енді бүгінгі кешке келер болсақ, Мұқағалидің әрбір өлеңі бір сахыналық қойылым деп есептеймін. Бізге мұны «Арман театры» ұжымы дәлелдеп отыр. Қойылым арқылы өнерпаздар бізді айналдырған бір сағаттың ішінде «сәби болып іңгәлатты да, күрең күз болып» жылатты да, әйтеуір көңіл-күйіміздің алай-дүлейін шығарды. Нұргүл Шәлекеева бастаған өнер ұжымы өз мақсаттарына толықтай жетті деп ойлаймын. Өнер ұжымына тілерім сіздерге Мұқағалидің өнердегі ғұмырын берсін!» деді.
Рамазан Әнәпия