Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл күн басқа күндерден өзгерек

Бұл күн басқа күндерден өзгерек



28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлері мерекесі қарсаңында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы мереке иелерін құттықтады. «Журналистің жегені – жантақ, арқалағаны – алтын» дейді, жазушы Шерхан Мұртаза. Халықтың тіршілігінен, әлеуметтік әл-ауқатынан, руханияты мен қоғам тынысынан хабар тарататын қалам иелері мен байланыс қызметкерлеріне арналған кешке сала мамандары мен ардагерлері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі Ә.Оразбекұлы – «Құрметті байланыс және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері мен сала ардагерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Биылғы жылы бұл мереке айрықша маңызға ие болып отыр. Бүгінде барша қазақстандықтармен бірге аудан тұрғындары да аса зор сая­­си және қоғамдық маңызы бар айтулы оқиға – елордамыз Астана қаласының 20 жылдығын атап өтуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен байланыс саласының Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық саладағы жетістіктерінде алатын орны мен атқарар қызметі айрықша. Сіздер ел Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз идеяларының төңірегіне қоғамды топтастыру, ұлтты ұйыстыруға зор үлес қосып келесіздер. Міне, сондай ғасырлық мәні бар ғаламат істердің бірі – Арқа төсінде орналасқан ару Астананың 20 жылдығы» – деп, жүрек жарды лебізін білдірді.
Бүгінгі таңда Шиелі ауданынан жарық көретін 2 мерзімді басылым бар. Оның бірі жергілікті «Өскен өңір» газеті болса, келесісі аймақтық «Шарайна-Сейхун» газеті. Ауданның тыныс-тіршілігінен хабар беретін басылымдар мен үздіксіз ізденіс үстінде жүретін журналистер қауымының қаламы қарымды, ойлары жүйрік. Иә, журналистер қай кезде, қай уақытта болсын жақсылықтың, ізгіліктің жаршысы. Журналист айтқан сөз, жазған мақала, қозғаған мәселе өзі өмір сүріп отырған мезгіл-мезеттің сұранысынан туындайды. Күн демей, түн демей елді елең еткізер жаңалық болса, жұртшылықты мазалаған сауалдар болса, аттанып кете баратын журналистер жауын мен қарға, от пен суға да қарамайды.
Сонымен қатар, төртінші өнеркәсіптік революция кезеңінде байланыс қызмет­керлері яғни, «Қазпошта», «Қазтелеком» мекеме қызметкерлерінің де алар орны ерекше. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» байланыс қызметкерлерінің еңбегі өлшеусіз. Мерекелік қабылдауда аудан әкімі Ә.Оразбекұлы ақпараттық кеңістікте адал және жемісті қызмет атқарып, өзіндік үлес қосқаны үшін бірқатар байланыс және ақпарат құралдары өкілдерін марапаттап, сый-сияпат ұсынды. Қаламынан құнды дүниелер туып, көрерменнің жүрегінен жол тапқан журналистердің бірқатары рес­публика, облыс көлемінде қызмет жасап келеді. Шиелі ауданының тумасы, облыстық QYZYLORDA телеарнасының тілшісі Е.Әбділда, ардагер Ө.Исмаил, аудандық «Өскен өңір» газетінің
жауапты хатшысы Ұ.Әбілқасымова, бөлім меңгерушілері А.Айып, Г.Яхияева, корректор А.Бай­дау­­летова, фото тілші Б.Бәйімбет, бас маман К.Мырзаева, дизайнер-бағдарламашы Е.Даткенов, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің редакция қызметкері А.Әбілдаева аудан басшысының марапатына ие болды.
Сонымен қатар, байланыс сала­сында аянбай тер төгіп, халыққа қызмет көрсе­туден жалықпаған Шиелі желілік техника­лық цехының аға электро­механиктері З.Смагулова, Н.Ахметова, аудандық пош­та байланыс торабы басшысының орынбасары А.Бакирова, Сұлутөбе пошта байланыс бөлімшесінің басшысы Ү.Нұрмаханова да құрмет төрінен көрінді. Сондай-ақ, ауданымыздың оң имиджін қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен жетістіктерді басылым арқылы ақпараттандырып жүрген ел азаматтарын да естен шығармады. «Шарайна-Сейхун» газетінің редактор-директоры Н.Елтай, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, Шиелі аудандық
почта торабының басшысы Б.Құттыбаева, Шиелі желілік техникалық цехының басшысы А.Жұмабаевқа арнайы сыйлық табыстап, алғысын білдірді.
Шара барысында байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен құттық­таған аудандық мәслихат хатшысы Б.Мүбаракұлы да өз сыйын ұсынды. Кешті қорытындылаған жергілікті жазушы, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газе­тінің редактор-директоры Н.Елтай мен ардагер Ө.Әзімханұлы істеріне сәттілік, үздіктердің жұмыс­тарына жеміс тілеп, жылы лебіздерін білдірді. Жылына бір келетін төл мерекені басқа күндерден өзгерек өткерген кәсіп иелерінің де көңілі көтеріңкі.


Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.
30 маусым 2018 ж. 2 081 0