Мемлекеттік хатшы БАҚ өкілдерін келе жатқан мерекелерімен құттықтады
Бүгін Мемлекеттік хатшының жетекшілігімен ақпарат саласының қызметкерлеріне Президент марапаттарын беру жөніндегі қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Биыл мамандардың қарауына 60-тан аса ұсыныс келіп түскен. Марапаттар әдеттегідей БАҚ саласы қызметкерлерінің төл мерекесі қарсаңында табысталады. Ережеге сәйкес жылда президенттік сыйлық пен грант екі-екіден беріледі. Және 4 шығармашылық ұжымға алғыс хат жарияланады. Бұл ретте Гүлшара Әдіқалықова үздік журналистерді анықтауда қойылатын басты талаптарды тілге тиек етті. Соның бірі – БҰҰ-ға Қазақстанның төрағалығы. Елбасы жариялаған 5 әлеуметтік бастама мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Астананың 20 жылдық мерейтойы сынды игі шаралардың кеңінен насихатталуы. Мемлекеттік хатшы осыған мән бере келе ақпарат саласының өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады. Гүлшара Әбдіқалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы: - БАҚ Мемлекет басшысының бастамаларын халыққа жеткізу, мемлекеттік саясатты түсіндіру, қоғамдық пікір қалыптастыру, азаматтық қоғамды дамытуда маңызды рөл атқарады. Осындай мәртебелі де жауапты миссияны лайықты атқаруы үшін баспасөз бәсекеге қабілетті болуы шарт. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев отандық журналистиканы дамыту мәселесіне зор мән береді. Осы бағытта лайықты жұмыстар жүргізілуде. Президенттің журналистерге арналған сыйлығы мен гранттары осындай қолдаудың айқын көрінісі.
24.kz
24.kz