БАҚ – ұлттың үні, қоғамның айнасы
Қоғамның тамырын тап басып, уақыттың үнін хатқа түсіретін қалам иелеріне құрмет көрсету – сөз қадірін бағалаған елдің айнымас дәстүрі. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Шиелі ауданында журналистер мен ақпарат саласының ардагерлеріне арналған салтанатты қабылдау өтті.Аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен тағылымды кездесуде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков ақпарат саласы өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел мен қоғам арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымының еңбегіне жоғары баға берді. Сондай-ақ ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік және рухани өмірін кеңінен насихаттап, өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосып жүрген бірқатар қаламгерлерге арнайы марапаттар табысталып, ізгі лебіздер айтылды.
Мерекелік құттықтау алдымен Жазушы, «Ақпарат саласының үздігі», Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик, аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің редакторы Е.Нұрмаханға, «Өскен өңір» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Н.Пірімбетке табысталды. Одан соң аудан әкімінің Алғыс хатымен «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі О.Жұмаділұлы мен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ж.Айтбай, «Кызылординские вести» газетінің меншікті тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі М.Ибрашев, «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Г.Дүйсебай, Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының журналисті А.Жұмадинова мен операторы Т.Әлменов, «Қоғам» телеарнасының журналисті Н.Қалабеков пен операторы О.Дәуіт, «Өскен өңір» газетінің тұрақты оқырманы М.Тоқтыбаев, «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ғ.Рүстембек марапатталды. Күн сайын ақпарат таратып, әлеуметтік желіні белсенді жүргізетін Экономика және қаржы бөлімінің әдіскері А.Айтбек пен Тұран ауылдық округінің әдіскері Н.Мәдиева да марапат алаңынан табылды.
Ізденісті серік еткен тілшілер қауымы қай кезеңде де халықтың мұң-мұқтажын, елдің әл-ауқатын, қоғамның тыныс-тіршілігін қаламына арқау етіп келеді. Бүгінде төл басылымдарда елдік мүдде, руханият, мәдениет, экономика, білім мен әлеуметтік салаға қатысты тағылымы мол мақалалар тұрақты жарияланып, оқырман сұранысына жауап беруде. Сондықтан ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби қызметі әрдайым жоғары бағаланады.
Мылтықсыз майдан жүріп жатқан қазіргі заманда ақпараттың құны бұрынғыдан да арта түсті. «Ақпарат кімнің қолында болса, сол әлемді билейді» деген тұжырым бүгінде шындыққа айналды.
Сондықтан төртінші билік саналатын бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамға ғана емес, тұтас елдің дамуына, қоғамдық пікірдің қалыптасуына ықпалы зор. Қазіргі таңда ауданда өңір тынысын тұрақты түрде жариялап отырған екі мерзімді басылым бар. Оның бірі – 87 жылдық тарихы бар, ауданның рухани шежіресіне айналған «Өскен өңір» газеті болса, екіншісі – он жылдан астам уақыттан бері оқырманын сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіп келе жатқан аймақтық «Шарайна–Сейхун» газеті. Бұл қос басылым ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің айнасына айналып, тұрғындардың сенімді ақпарат көзі ретінде өз орнын қалыптастырды.
Бүгінде «Өскен өңір» газеті Н.Пірімбеттің басшылығымен Қызылорда облыстық «Сыр Медиа» ЖШС құрамында табысты қызмет етіп келеді. Облыстық және аудандық басылымдардың басын қосқан медиахолдинг заманауи технологиялардың мүмкіндігін тиімді пайдаланып, ақпарат тарату ісіне тың серпін берді. Соның нәтижесінде оқырманға жеделдік пен нақтылықты, сапа мен сенімділікті қатар ұсынған өңірлік журналистика жаңа белеске көтеріліп, уақыт талабына лайық жаңа тыныс тапты.
Қазіргі «Өскен өңір» – дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастырған, заманның тамырын дәл басқан, мазмұны бай, айтары салмақты басылым. Ұжым ел өміріндегі елеулі оқиғаларды, мемлекеттік реформалардың мән-маңызын, ұлттық құндылықтар мен қоғамдық өзекті мәселелерді оқырманға шынайы әрі байыппен жеткізіп келеді. Ақпараттың ақ туын жықпай, кәсіби ұстанымынан айнымаған шығармашылық ұжымның еселі еңбегі елеусіз қалған жоқ. Газет халықаралық рейтинг бойынша «Сала көшбасшысы» атанып, облыстық «Ең үздік басылым» мәртебесіне ие болды. Сондай-ақ беделді «Қанатты қалам» байқауында жеңіс тұғырынан көрініп, өңірлік журналистиканың мерейін үстем етті.
Тарихын қадірлеген халықтың болашағы да баянды. Осы ұстанымды басшылыққа алған аудан әкімдігінің қолдауымен «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында бірегей жоба жүзеге асырылды. Басылымның сарғайған беттерінде қатталған аудан тарихын сақтап, оны келер ұрпаққа аманаттау мақсатында архив қорын цифрландыру жұмысы қолға алынды. Бұл жауапты міндет газет фототілшісі Бақытжан Бәйімбетке жүктеліп, 1957 жылдан 2024 жылға дейінгі газет тігінділері арнайы құрылғылардың көмегімен электронды форматқа көшірілді.
Нәтижесінде 7800 газет саны толықтай цифрландырылып, көлемі 100 гигабайт болатын электронды архив жасақталды. Бұл – жай ғана сандық қор емес, бірнеше буынның тыныс-тіршілігін, ауданның қоғамдық-саяси, әлеуметтік және мәдени өмірінің шежіресін сақтап тұрған құнды мұра. Уақыттың табы қалған әрбір газет парағы енді цифрлық кеңістікте жаңа ғұмырын бастап, зерттеушілерге, тарихшыларға және кейінгі ұрпаққа сарқылмас рухани қазына ретінде қызмет етпек.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ








