БҰЛ КҮН БАСҚА КҮНДЕРДЕН ӨЗГЕРЕК

– Құрметті журналистер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Журналистика – қызығы мен қиындығы мол, зор жауапкершілікті қажет ететін кәсіп болса, журналист – адамдарға толық ақпарат беретін және билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір, дәйекті дәнекер. «Жарқын болашақтың қамын саясаткерлер, өткен дәуірді тарихшылар, бүгінгі күнді журналистер ойлайды» деген қағиданың құндылығы да осында. Төл мереке күні сіздерге еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да қоғамымызды нығайтып, ауданымыздың рухани кемелденуіне, мәдени өсіп-өркендеуіне қомақты үлес қосады деген сенімдемін. Баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, кәсіптеріңізге өрлеу, шығармашылықтарыңызға шабыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Ел игілігі үшін еңбек етіп, күн-түн демей, елімізде барлық атқарылып жатқан жұмыстарды көрсету үшін аянбай қызмет жасап келе жатқан Сіздердің еңбектеріңіздің маңызы зор, – деді А.Насриддинұлы.
Мерекелік шара әрмен қарай халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген журналистерді марапаттаумен жалғасты. Мереке қарсаңында аудан әкімінің алғыс хатын Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик, «Шарайна-Сейхун» газетінің редакторы Н.Елтай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы Өркен Әзімханұлы, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшілері Исабек Байкенжеев, Оразбек Жұмаділұлы, Айжамал Әбдіхамитқызы, «Халық» ЖШС баспасөз маманы Күләш Мырзаева, «Сыр медиа» ЖШС дизайнері Ерұлан Балтабайұлы, «Өскен өңір» қоғамдық-саяси газетінің ұжымына, «Өскен өңір» газеті редакциясының ардагері Айнагүл Байдәулетова, «Өскен өңір» газетінің фототілшісі Бақытжан Бәйімбет, «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі Ғ.Рүстембек пен аталған газеттің менеджері Наурызбай Елтаев, «Qyzylorda TV» телеарнасының сарапшы редакторы Қозы-Көрпеш Жасаралұлы мен «Qogam TV» телеарнасының операторы Сабырхан Қаратаев, қоғамдық даму бөлімі әдіскері Бағдәулет Мәліков, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрболат Ділмұхамедұлы иеленді. Сондай-ақ шарада әлеуметтік желі белсенділері Ардақ Құрманаева, Қазыбек Шәукебаев, Роллан Мұстафаев, Жансая Қайратқызы да марапат биігінен көрінді.
Қалам ұстаған қауымға құрмет білдіру шарасында ардагер-ұстаз Айжамал Әбдіхамитқызы мен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет баспасөз мамандарына ақжарма тілегін айтты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы Исабек Сәрсенбайұлы, Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Пірімбет Нұрболат Сәдуақасұлы да сөз алып, тілшілерге ізгі тілектерін арнады.
Мереке қарсаңында қанжығасы майланып, Қызылорда облысының әкімі Нәлібаев Нұрлыбек Машбекұлының құрметіне бөленген әріптестеріміздің қатарында Гүлхан Яхияева да бар. Ақпарат тасқыны алапат дәуірде мамандығына адал болып, ұстанымынан айнымай, қалам қасиетін ардақ тұтқан тілшіміз облыстық «Қанатты қалам – 2025» салтанатты шарасынан «Көзқарас» аталымын иеленді. Дүйім жұрттың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарып, халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы төл мерекесі қарсаңында осылайша құрметке бөленді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТ