Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » БАҚ қызметкерлерінің еңбегі еленген күн

БАҚ қызметкерлерінің еңбегі еленген күн

Көзі – камера, тілі – қылыш, қаруы – қалам. Мереке қарсаңында аудан әкімі ­Нариман Мақұлбеков ақпарат саласының майдангерлерін, жас журналистерді құттықтады.
Кәсіби мерекеде еңбегімен ерекшеленіп жүрген бірқатар қаламгерлер марапат төрінен көрінді. Бірі дәстүрлі медианың бас­пасын дөңгелетіп жүрген болса, енді бірі журналистика саласында талай тер төккен ардагерлер мен телевизия саласының мамандары. Күнделікті сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене араласып, халықтың мұңын билікке жеткізіп жүрген алтын көпір иелеріне ­аудан әкімі алғаусыз алғысын айтты.
– Төртінші билік өкілдері деп саналатын сіздердің еңбектеріңіз қашанда мәртебелі. Мемлекет басшысының саясатымен егемен еліміздің түкпір-түкпірінде күн санап өтіп жатқан барша жаңалықтардың жалынды жаршысы да, танымды тарихымыздың көшбастаушысы да, өткен күндердің өшпес шежіресі де – сіздер. Сондықтан бізді күнбе-күн халықпен жүздестіріп, өңір экономикасына, әлеуметтік дамуына қалам қаруының күшімен үлес қосып, тарихи өмірімізді, мәдени тұрмысымызды әлеуметке жан-жақты көрсетіп, тіршілігіміздің деңгейін айқындап отырған сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін.
Журналистер – бала мінезді жандар. Олар өз басындағы қиындықты естен шығарып қойып, басқалардың мәселесін шешу үшін бар ниетімен шапқылап жүреді. Сондай сындарлы шақтарда қиындықтармен бетпе-бет келсе де, жаны жүдеп, жүрегі сыздаса да ешқашан шегінбейді, қапаланбайды. Қайта өзінің көмегімен басқалардың қуанғанын көргенде жан-дүниесімен елжірейтіні бар. Сол себепті журналистерді де бір уақыт балапандай баптап, балаша мақтап қойған артықтық етпейді. Айтулы мереке қарсаңында ұзақ жылдар бойы аудандық басылым бетінде қалам тербеп жүрген бірнеше кітаптың авторлары, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы» Жұмабек Айтбай мен ардагер-ұстаз ­Айжамал Әбдіхамитқызына Қазақстан Рес­публикасы Журналистер Одағының мүшесі куәлігі және төсбелгісі табысталды.
Бұдан бөлек 30 жылдық тарихы бар облыстық «Қызылорда» телеарнасының жауапты редакторы Альмира Оразбай мен оператор Бауыржан Қожамұратов, ­«Кызылординские вести» газетінің Шиелі ауданы бойынша меншікті тілшісі, Журналистер одағының мүшесі Мақсұт Ибрашев, республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті редакторының орынбасары Рыскелді Сәрсенұлы, «Қазақстан дәуірі» газетінің облыс бойынша меншікті тілшісі, «Көз» газетінің бас редакторы Анархан ­Марданова, республикалық «Ел тілегі» газеті мен «Жарасымды жанұя» журналының жауапты редакторы Жансая Дүйсенбайқызы, аудандық «Өскен өңір» газетінің бөлім басшылары Гүлхан Яхия, Рамазан Әнәпия, тілшілер Шапағат Тілеубаев, Сұлушаш Мадиярова және дизайнер-беттеуші Ерұлан Даткенов, газеттің бас маманы Абылайхан Сақтағанов пен менеджер Эльвира Ахметова, аймақтық ақпараттық-танымдық «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшілері Ғазиза Азатқызы мен газеттің беттеушісі Шыңғысхан Елтаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері Дархан Байтілес, Майлытоғай ауылдық округі аппаратының қызметкері, әлеуметтік желі белсендісі Жарқынбек Тәженов алғыс хатпен марапатталды.
Мерекелік шарада сала ардагерлері де сөз алып, журналистерге жылы лебізін білдірді. Жиын соңында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жиналғандарға арнап домбырадан күй төгілтіп, әннен шашу шашты.

Сұлушаш МАДИЯРОВА,
Бақытжан БӘЙІМБЕТ (сурет)
02 шілде 2022 ж. 663 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031