БАҚ ӨКІЛДЕРІНІҢ ДОСТЫҚ ДОДАСЫ
Кеше «Бақыт арена» спорт кешенініңде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай облыстық шағын футбол турнирі ұйымдастырылды.Бұл күні ақпарат майталмандары бір сәтке диктофон мен қаламды футбол добына алмастырып, алаңда бас қосты. Турнирге облыстың әр өңірінен келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтып, достық пен ауызбіршіліктің үлгісін көрсетті.
Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөз сөйлеп, ақпарат саласында аянбай еңбек етіп жүрген журналистер қауымына ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыс пен спорттық додада жеңіс тіледі.
-“Сіздердің қаламдарыңыз - қоғамның айнасы. Халық пен билік арасындағы алтын көпір болып, адалдықпен ақпарат таратып жүрген еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық”, – деді аудан басшысы.
Тартысқа толы бәсекеде әр команда намысты қолдан бермеуге тырысып, жоғары деңгейдегі ойын көрсетті. Журналистиканың қазанында қайнап жүрген әріптестер алаңда да ұйымшылдықтың, табандылықтың және шеберліктің жарқын үлгісін паш етті.
Осындай игі бастамалар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің кәсіби ынтымақтастығын арттырып қана қоймай, олардың қоғамдағы маңызды рөлі мен беделін айшықтай түседі. Сонымен қатар, денсаулық пен сергектікті серік еткен жандардың қай салада болмасын табысқа жете алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
@Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі





