Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖУРНАЛИСТЕР ГОЛ СОҚҚАНДА...

ЖУРНАЛИСТЕР ГОЛ СОҚҚАНДА...

28 маусым – ақпарат майданында жүріп, шындықты биік ұстап, қоғамның санасына сәуле түсіріп жүрген шығармашылық жандардың кәсіби мерекесі. Биыл бұл атаулы күн Шиелі ауданында ерекше форматта, шын мәніндегі мазмұнды әрі мағыналы түрде аталып өтті. Ел алдында елгезек қызмет атқарып жүрген қаламгерлердің құрметіне арналған мерекелік шаралар легі журналистер арасындағы футбол турнирімен түйінделді. Тек ақпарат айдынында ғана емес, жасыл алаңда да сыналған тілшілер бұл күні қаламын футбол добына ауыстырып, шеберлік пен табандылықтың жаңа қырын көрсетті.
Аудандық дене-шынықтыру-сауықтыру кешенінде өткен жарысқа облыстың әр түкпірінде ақпарат айдынында жүрген журналистер бір сәтке қаламдарын ала допқа алмастырып, 8 команда жасыл алаңда өзара бақ сынады. Олар бұл турнирде тек жеңіс үшін емес, әріптестік пен достықты арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, рухани үндестікке жол ашу үшін тер төкті. Жарыстың ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қалам иелерін кәсіби мерекемен құттықтап, ақпарат кеңістігінде шынайылық пен сенімділікті ту етіп жүрген журналистердің ел дамуына қосып жатқан үлесін ерекше атап өтті: – Бүгінгі ақпарат ғасыры – жылдамдық пен дәлдікке, сенімділік пен әділеттілікке негізделген заман. Осындай талап биігінен көрініп, халық сеніміне ие болу – журналистің басты қасиеті. Ел мен елді, халық пен билікті байланыстыратын алтын көпір бола білген Сіздердің әр мақалаларыңыз бен телехабарларыңыз, радиожазбаларыңыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларыңыз – қоғамның көзқарасын қалыптастырып, дұрыс бағдар беру жолындағы маңызды құрал. Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамытуды тапсырып, маңызды міндеттер жүктеген болатын. Сол бұқаралық спортты қолдау бағытында одан бөлек әріптестермен ақпараттық кеңістікте ғана емес жасыл алаңда ой бөлісіп, бір-бірімен сыйластығын арттыру мақсатында бүгінгі жарысты өткізіп отырмыз. Барлықтарыңызды мерейлі мерекемен құттықтай отырып, бүгінгі ауданымызда өткелі тұрған қаламгерлер арасындағы облыстық турнирге сәттілік тілеймін, – деді аудан әкімі. Спорттық шарада тілден бал тамызып, ақ пен қараны айнытпай жеткізетін, билік пен халық арасындағы байланыстырушы көпір болған журналистер жасыл алаңда өздерінің спортқа да біртабан жақын екендіктерін дәлелдеді. Доданы тамашалауға жиналған көрермен қауымға ерекше әсер сыйлады.
Аладоп бәсекесінде командалар алдымен «А» тобы мен «Б» тобына бөлініп, ішінара ойын өрнегін көрсетті. Оза шауып, жоғары ұпай жинаған командалар жартылай финалға жолдама алды. Журналистиканың қазанында қайнап жүрген азаматтар жасыл алаңда шеберлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетті. Жарыс соңында аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов және «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев жарысқа белсене қатысқан командаларға алғыстарын айтып, турнирдің сәтті өтуімен құттықтады. С о н ы м е н ж а р ы с қорытындысы бойынша жарыста үздік нәтиже көрсеткен «Сыр медиа» ЖШС командасы І орынды иеленді. Ал жүлделі ІІ орынды «Меншікті тілшілер» командасы алса, ІІІ орынды Жалағаш ауданынан келген «Жалағаш» командасы місе тұтты. Сонымен қатар жарыста ерекше ойын өрнегін көрсеткен «Меншікті тілшілер» командаасының ойыншысы Қамбар Бекенов және «Қоғам. ТВ» командаасының ойыншысы Ерлан Батыршаев «Үздік ­ойыншы» номинациясымен, «Үздік қорғаушы» номинациясымен «Жалағаш» командасының ойыншысы Дос Жамбыл, «Үздік қақпашы» ­номинациясы бойынша «Шиелі» командасының ойыншысы Мақсұт Ибрашев лайық деп танылып, ақшалай сый-сияпаттар табысталды. Шиелі ауданында өткен бұл турнир – сәтті ұйымдастырылған бір реттік шара емес, дәстүрге айналуға лайық бастама. Қоғамда сөздің құнын арттырып, шындықты ту еткен журналистердің еңбегін бағалау – елдіктің, мәдениеттің және өркениеттіліктің белгісі. Ал спорт арқылы рухты жаңғырту – ұлттық тұтастықтың тағы бір арнасы. Бүгін алаңда жүрген журналист – ертеңгі жаңалықтың авторы. Оның сөзі де, ісі де халыққа қызмет етуге бағытталған. Сондықтан мұндай шаралар – тек мереке емес, мемлекеттің ақпарат пен спортқа деген көзқарасының айғағы. Қалам да, доп та бағытты дәл тапқан күні ғана нәтиже береді. Бұл турнир соның жарқын дәлелі болды.

М.ҚАЙРАТҰЛЫ
01 шілде 2025 ж. 30 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

№46 (9313)

24 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031