Қалам қуаты – ел руханиятының өлшемі
Бұқаралық ақпарат құралдары – ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын рухани күш. Шынайы ақпарат, салмақты сараптама мен адал көзқарас қалыптастыруда журналистер қауымының еңбегі айрықша. Осындай жауапты миссияны абыроймен атқарып жүрген қалам иелерінің мерейлі күні – 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай облыс орталығында «Қанатты қалам – 2026» атты салтанатты іс-шара жоғары деңгейде өтті.«Өнер орталығында» ұйымдастырылған мерекелік жиынға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты. Салтанатты басқосу барысында аймақ басшысы журналистер қауымын кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің дамуы мен жаңашыл бастамаларды халыққа шынайы жеткізудегі еңбектерін ерекше атап өтті.
Салтанатты жиында Мұрат Ергешбаев журналистердің қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдің тыныс-тіршілігін халыққа шынайы жеткізудегі еңбектерін жоғары бағалады.
– Бұл күн – тек редакцияларда емес, телеарналарда, ақпарат агенттіктері мен сайттарда қызмет ететін шығармашылық өкілдерінің мерейлі күні. Журналист жасаған әр сюжет пен жазылған әр мақаланың артында үлкен еңбек жатыр. Сіздердің сол еңбектеріңіз – қоғам дамуының айнасы, – деді аймақ басшысы.
Жиын барысында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен газетіміздің бас редакторы Нұрболат Пірімбет марапатталды.
Нұрболат Сәдуақасұлы – өңір журналистикасында өзіндік орны бар, тәжірибелі қаламгер. Оның еңбек жолы 2007 жылдан бастау алып, осы жылдар ішінде ол аудандық, қалалық және облыстық деңгейде мемлекеттік қызмет саласының түрлі сатыларынан өтті. 2016 жылдан бері Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарып келеді.
Бас редактор ретінде ол тек басылым мазмұнын жетілдірумен шектелмей, ауданның рухани-әлеуметтік тынысын кеңінен қамтып, өңір шежіресін жүйелі түрде хатқа түсіру жолында аябай еңбек етуде. Оның жетекшілігімен газет аудан өмірінің шынайы жылнамасына, қоғам мен билік арасындағы сенімді ақпарат көпіріне айналды.
Сонымен қатар Нұрболат Пірімбет – аудандық мәслихаттың VII шақырылым депутаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі ретінде де қоғамдық өмірге белсене араласып, өңірдің ақпараттық кеңістігінің дамуына үлес қосып келеді. Оның кәсіби тәжірибесі мен азаматтық ұстанымы жас журналистерге бағыт-бағдар беріп жүрген тағылымды мектеп.
Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының журналистерге көрсетіп отырған қолдауы жыл сайын артып келе жатқанын тілге тиек етті. Соңғы жылдары елордада 200-ге жуық журналистің баспаналы болуы – осы қамқорлықтың айқын көрінісі. Биылдан бастап бұл игі бастама өңірлерге де кеңейіп, алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласы қызметкерлеріне пәтер кілттері табысталды. Солардың қатарында «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбеков пен «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбек салтанатты түрде пәтер кілттеріне ие болды. Бұл қуанышты сәт – тұтас Сыр журналистикасы үшін үлкен қолдау мен зор мәртебеге айналды.
Қалам құдіреті – шындық пен сенімде. Ал сол шындықты жеткізіп, ел мен биліктің арасын жалғап жүрген журналистер еңбегі әрдайым ел жадында сақталады. Сыр журналистикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген майталман мамандардың еңбегі – өңір руханиятының берік тірегі.
Қалам қуаты – ел руханиятының өлшемі. Сол қуат иелері – журналистер қауымы – әрдайым ел құрметінің биігінен көріне бермек.
Гүлхан Яхия







