Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қос Бәйтерек

Қос Бәйтерек


Менің бақытты балалық шағым әжемнің маған деген сүйіспеншілігі мен ізгі ақ батасы. Әрине, мені дүниеге әкелген анам, ал, анамды дүниеге әкелген әжем. Есейген соң, әжем маған өзінің анасы, яғни менің үлкен әжем және оның тағдыр қосқан жұбы – менің үлкен атам туралы жиі әңгімеледі.
Үлкен атам – Бөрібай Сәмбетов 1910 жылы Сыр өңірінде дүниеге келіп, еліміздің жарқын болашағы үшін Ұлы Отан соғысына қатысып, батырлығы мен қайсарлығы елдің жүрегінде сақталған. Ташкент қаласында жетімдер үйінде тәрбиеленген үлкен атам жас­тайынан қиындықты көп көріп, 1927 жылы еңбек жолын Райземотдел МТС мекемесінде инс­труктор–бухгалтер қызметінен бастайды. 1942 жылдың 16 маусымында өзі сұранып соғысқа аттанады. Еліміздің тыныштығы мен жарқын болашағын бірінші ойлаған, аштық пен жетімдікті көрген үлкен атам қанды майданның аяғына дейін болады. «Біздің жүрегіміз темір емес, бірақ біздің кек отымыз қандай темірді болса да ерітіп, күйдіріп жібере алады. Біздің үрейді жеңетін ең күшті қаруымыз бар, ол – Отанға деген сүйіспеншілік» – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, Новогород полкінің 6 атқыштар корпусы құрамында Ленинград майданында болып елді қорғайды. Ленинград қаласын қорғағаны үшін «За оборону Ленинграда» медалімен және КСРО Жоғарғы Кеңесінің «За отвагу» медалімен марапатталып, 1944 жылы 6-7 сәуірде зеңбірекшілер құрамында жаудың танктеріне тойтарыс беріп, соғыстың сәтті аяқталуына себепкер болады. «За победу над Германией» медалі, «За доблестный труд в Великой Отечественной войне» медалі және көптеген ерліктері «Память народа» сайтында жазылған.
Ол 1 май колхозының председателі (қазіргі Бидайкөл ауылы), Май заводының, Райзаготконтораның директоры болып басшылық қызмет атқарады. Атам 1946 жылы Перуза Жүсіпқызымен отбасын құрады.
Үлкен әжем Перуза Жүсіпқызы 1923 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Нартай Бекежанов атындағы ауылдың Бестам деген жерінде кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Алғашқыда туыстарының қолында, кейін жетімдер үйінде тәрбиеленді. Әйелмін демей, алға қарай қадам басып, балаларын ешкімнен кем қылмай өсірген. Өз балаларының ғана анасы емес, елдің анасы болып, бірнеше отбасын қамқор қанатының астына алған жан. Басына түскен қиындықтар мен ауыр күндерін ер азаматтан артық көтере білген ер мінезді «Әйел-Ана». Атқа мініп, халыққа жәрдем беріп, елдің ақ батасын алған жан. Осы бір мінездеме Жекен Жұмахановтың «Бәйгеқұм басында» атты очеркінде үлкен әжем Перузаның құрметке лайықты тұлға екенін ұқтым. «Тұранның төрі – Сыр елі» дегендей байлығымыз әрине, ол – күріш. Даңқты диқан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері ­Ыбырай Жақаевтың еңбегіне куә болған – менің үлкен әжем Перуза Жүсіпқызы. Шиелінің осылай жайқалып гүлденуіне, Социалистік Еңбек Ері Шырынкүл Қазанбаева, Батыр Ана Ұлбала Алтайбаевамен бірге үлкен әжем Перуза Жүсіпқызы идеология мен басқару саласында еңбек етіп, Ел анасы атанған. ­Нартай Бекежановтың немере қарындасы болып келетін ­Перуза Жүсіпқызы ­Нартай музейінің қорында сақтаулы тұрған көптеген жәдігерлерді өз қолымен тапсырған. Шиелі ауданының айнасы «Өскен Өңір» газет ғимаратының құрмет тақтасында «Қазақстан Журналистер одағының мүшесі» ретінде әжем ­Перуза Жүсіпқызының суреті ілулі тұр. Бұл маған үлкен қуаныш, мәртебе. Бойымды тік ұстап мақтан тұтарлық тұлға болуды мен үлкен атам мен әжемнің бойынан таптым. Мені тек сәби кезінде ғана көрген үлкен әжем, есейгенімді, бойжеткенімді көріп үлгермей әділеттіліктің ақ туын биік ұстап, 2008 жылы өмірден озды. Біз 7 перзенттен – 11 немере, 15 шөбере өрбіп, мәуелі бәйтеректей жайқалып өсіп келеміз. Халқының құрметіне бөленген үлкен әжемнің атына көше берілді. Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагері үлкен атам Бөрібай Сәмбетовтің де есімі ұлықталса нұр үстіне нұр болар еді. Себебі, бұл жандар біздің тәуелсіз Қазақстанымыздың, Отанның жарқын болашағы үшін бар ғұмырын арнады.

Марфуға Бөрібаева,
№46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы
01 мамыр 2021 ж. 563 0