Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТҰРМЫСҚА ШЫҒУҒА ҚОРҚАМЫН

ТҰРМЫСҚА ШЫҒУҒА ҚОРҚАМЫН


Атам ерте қайтыс болып, әжем жалғыз баламен – менің анаммен қалған екен. Жастай жесір қалған әжем қайта тұрмыс құрмапты. Анамнан өзге баласы жоқ. Анам 14 жасқа толғанда әжем қатты науқастанған көрінеді. Алланың рахымы түсіп, мықты бір молданың оқуының күшімен аман қалған екен. Ес-түссіз жатқан әжемді молда үш күн, үш түн оқып, аман алып қалған көрінеді.

Менің анам да жастпай жесір қалған. Мен екі жасқа жетпей әкем қайтыс болған екен. Одан кейін анам тұрмысқа шықпапты. Мен 14 жасқа толғанымда анам аяқ асты қатты ауырып, көп ұзамай өмірден озды. Дәрігерлерден еш көмек болмады. Өйткені нақты диогноз қоя алмады. Оқытатын мықты молда да табылмады. Сөйтіп, анам қайтыс болып, біз әжем екеуміз қалдық.


Елдің айтуынша, анам әжемнің тағдырын қайталапты. Әжем де анам екі жаста болғанда жесір қалған екен. Анам 14-ке келгенде әжем қатты науқастанған. Енді сол тағдырды мен де қайталауым мүмкін екен. Өйткені, әжемнің арғы тегінде үлкен бақсы-балгер аталары болған көрінеді. Кейінгі ұрпақтары сол кісінің бақсылық қасиетін ұстанбаған. Әжемнің де, анамның да жастай жесір қалуы, баласы 14-ке толғанда аяқ асты қатты ауыруы сол қасиетпен байланысты көрінеді. Осыдан екі жыл бұрын бір бақсы-балгер «егер бата алып, бақсылық жолды ұстанбасаң, сен де әжең мен анаңның тағдырын қайталайсың» деді. Ол кезде ол сөзге аса мән бере қойған жоқ едім. Өйткені, бата алардай менің бойымда ешқандай ерекше қасиет жоқ.


Қазір жасым 24-те. Достасып жүрген жігітім бар. Ол «осы күзде үйленейік» деп ұсыныс жасады. Мен бірден жауап қайтармадым. Өйткені ол ұсыныс жасағанда, неге екенін, ойыма осыдан екі жыл бұрын бақсының айтқан сөзі сап ете қалды. Өз ойымнан өзім шошып, іркіліп қалдым. Ол қазірше асықтырмайтынын, бірақ бір айдан кейін жауап беруімді өтінді. Міне сол бір ай уақыт та тақап қалды. Он күннен кейін нақты жауабын айтуым керек. Бірақ, әлі күнге оған не деп жауап айтуды білмей жүрмін. Өйткені, бойымда «әжем мен анамның тағдырын қайталаймын ба?» деген қорқыныш ой бар. «Тұрмысқа шақсам, бір жазықсыз азаматтың өліміне себепші болмаймын ба?» деген ой мазалайды. Одан да тұрмысқа шықпағаным мақұл ма? Жоқ әлде ойымда жігітіме ашық айтқаным жөн бе?


Көп ойлағандыкі ме, соңғы кезде анам күнде түсіме кіреді. Үнемі түсімде анамнан «не істейін?» деп сұрап жатам. Неге екенін анам еш жауап қатпайды. «Анашым, неге ақыл қоспайсың, неге үндемейсің» деп жылап, шошып оянам. Оянып көзімді ашқанда үнемі төсегімнің аяқ жағында отырған анамды көрем. Бір қызығы ол кезде менде ешқандай қорқыныш сезім болмайды. Шамамен бір минуттай уақыт өткенде анамның бейнесі көмескіленіп, жоқ болып кетеді. Бұл түсімді қалай жоруды да білмеймін. Әжеме айтсам, «сенің тұрмысқа шығатыныңды біліп, келіп жүр ғой» дейді. Бірақ маған бақсының «әжең мен анаңның тағдырын қайталайсың» деп айтқаны жайлы әжем білмейді. Айтып, ол кісінің жүрегін ауыртқым келмейді. Қандай кеңес бересіздер?

Alashainasy.kz
04 мамыр 2019 ж. 1 722 0