БАЛТЫРЫНДА ОҚ, ЖҮРЕГІНДЕ ОТАН
Жеңіс – адамзат жадында мәңгі сақталатын, ұрпақ санасына бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын қасиетті ұғым. Бүгінгі мамыражай тіршілік, алаңсыз күлген бала, тыныш аспан – мұның бәрі кешегі қан кешкен күндердің өтеуі, от кешкен ерлердің өтеуі. Уақыт жылжып, жылдар алмасқан сайын соғыстың жаңғырығы алыстап бара жатқандай көрінгенімен, оның табы жүректерден өшкен емес. Керісінше, әрбір ерліктің мәні тереңдеп, құны асқақтай түсуде.Сол бір зұлмат жылдары ел мен жердің тағдыры таразыға түскен шақта Отан қорғау жолында жанын аямай күрескен ерлердің бірі – Қойлыбай Құрманәліұлы. Оның тағдыры – тұтас дәуірдің тағдырымен тамырлас, халқымыздың басынан өткен ауыр кезеңдердің айнасы іспетті. Қ.Құрманәліұлы 1914 жылдың мамыр айында бұрынғы Қызыл Ту, қазіргі Ы.Жақаев атындағы ауылда дүниеге келді. Балалық шағы балдай тәтті болуға тиіс еді, алайда тағдыр оған ерте сынақ дайындап қойған болатын. Төрт жасқа енді толғанда анасы Шәрипа ауыр науқастан көз жұмып, сәби жүрек ана мейіріміне қанбай қалды. Әке тәрбиесінде өскен бала ерте есейді. Өмірдің салмағын сезініп, қайсарлық пен төзімділікті жастайынан бойына сіңірді.
Қазіргі Бидайкөл елді мекені ол кезде шағын кеңшар орталығы еді. Осында жүріп, ол білікті ұстаз Ибраһим Шохаевтан төрт жылдық бастауыш білім алды. Зеректігімен көзге түскен жас Қойлыбай қоғам өміріне ерте араласты. 1928 жылғы кәмпеске науқаны тұсында небәрі 14 жастағы комсомол жастың сауаттылығы ескеріліп, кеңсе жұмысына алынды. Жастығына қарамастан, ел ісіне араласып, үлкен жауапкершілік жүктелген қызметті атқарды. Сол кезеңдегі күрделі жағдайлар, кейде әділет пен бұйрықтың екіұдай келетін сәттері оның санасында мәңгілік із қалдырды. Біреудің малын кемітіп жазу секілді тапсырмалар жас жүрекке ауыр тигені анық. Бірақ ол заманның заңы сол еді.
Жастар арасында кеңестік идеологияны насихаттап, комсомолдық белсенділік танытқан Қойлыбай ұжымдастыру, колхоз құру ісіне де белсене араласты. Оны өмірдің өзі тәрбиеледі. Ұстазының берген білімі мен тағдырдың берген сабағы оның тұлға болып қалыптасуына негіз болды.
Алайда тарихтың ең бір қасіретті беттері алда тұрған еді. 1938 жыл – ел жадында «Үлкен террор» деген атпен қалған ауыр кезең. Саяси қуғын-сүргін күшейіп, халық үрей құшағында өмір сүрді. Аштықтан кейінгі еңсесін енді көтеріп келе жатқан елге тағы бір ауыр соққы тиді. Сырдариядан асырып көшіру, жоспардың көптігі, тұрмыстың ауырлығы – бәрі халықтың мойнына түсті. Осындай алмағайып шақта 18-ге толған жастар жаппай әскерге алына бастады. Солардың қатарында Қойлыбай Құрманәліұлы да бар еді.
Әскери борышын өтеуге аттанған жас жігіт ауылын, елін уайымдап кетті. Оның қатарында Сыздық Боқаев, Қойшыбай Оразымбетов, Бименді Қобланов, Мақаш Жүсіпов, Сейіт Әлиакбар сынды талай қазақ жастары болды. Түрікмен жеріндегі Кушка әскери базасында атты әскер қатарында қызмет етіп жүргенде, тағдыр оны одан да ауыр сынаққа дайындап тұрғанын ешкім білген жоқ.
1941 жыл. Соғыс өрті тұтанды. Кушкадағы сарбаздарды пойызға тиеп, батысқа қарай жөнелтті. Аттарымен бірге қызыл вагондарға мінген жауынгерлер белгісіздікке бет алды. Сол сапарда Қойлыбай Құрманәліұлы пойызда туған қызы Қаламқасқа деген сағынышын хатқа түсіріп, Шиелі вокзалынан жолыққан адамға беріп жібермек болады. Бірақ түн ішінде вокзал бос болып, хат қалтасында кетеді. Бұл соғысқа аттанған әкенің жүрегіндегі ең бір аяулы, ең бір мұңды сәттің бірі еді.
Мәскеуге жақындағанда пойызға жау ұшақтары шабуыл жасайды. Бомба жарылып, вагондар үзіледі. Аттардың шылбырын қылышпен кесіп, сарбаздар орманға қарай қашады. Көп адам қаза табады. Тірі қалғандар партизандарға қосылып, жау тылында күрес жүргізеді. Пагондарын шешіп, партия билеттерін тапсырып, жаңа өмірге – партизандық өмірге қадам басады.
Осы кезеңде Қойлыбайдың батылдығы мен табандылығы ерекше көзге түседі. Командирдің сеніміне ие болып, құпия тапсырманы орындауға жіберіледі. Қалың қар, үстінен айналған жау ұшағы, әр сәті өлімге толы жол… Бірақ ол қорықпайды. Қарға жасырынып, қайта шығып, қайта жасырынып отырып, тапсырманы аман жеткізеді. Қайтып келгенде, өз бөлімшесінің түгелдей дерлік қаза тапқанын көреді. Тағдыр оны сақтап қалғандай еді.
Кейін Қызыл әскер қатарына қайта қосылып, Мәскеу түбіндегі шайқастарға қатысады. Қатал аязға, ауыр жағдайға қарамастан, жауға қарсы шабуылдарға қатысып, елді мекендерді азат етеді. Сол кезде қолбасшы Георгий Жуковтың «Жеңіс біздікі болады!» деген жігерлі сөзі сарбаздарға күш берген еді. Сол мыңдаған сарбаздың бірі – Қойлыбай Құрманәліұлы да жеңіс жолында аянбай күресті.
Соғыс оның тәніне жара салды – аяғында оқ қалды. Бірақ рухын сындыра алмады. 1945 жылы елге оралған ол бейбіт өмірге белсене араласты. Ферма меңгерушісі, бригадир, есепші болып еңбек етті. Шымкентте білім алып, мамандығын жетілдірді. Кейін Төңкеріс ауылына қоныс аударып, дүкенші, экспедитор қызметтерін атқарды.
1962 жылы Төңкеріс өңірінен қазіргі Ш.Қодаманов ауылына қоныс аударып, саналы ғұмырын адал еңбекке арнады. Дүкенші, экспедитор ретінде ұзақ жылдар бойы елге қызмет етіп, сенім мен сый-құрметке ие болды. Жары Орынтай Байкенжеева екеуі тату-тәтті, өнегелі отбасының үлгісін көрсетті. Олар бірге 4 қыз, 6 ұл тәрбиелеп өсіріп, үлкен әулеттің іргесін қалады. Бүгінде сол ұрпақтан 39 немере, 47 шөбере-шөпшек таралып, әулеттің тамыры тереңге жайылып, берекесі арта түсті.
Соғыста аяғынан ауыр жарақат алып, балтырында оқ қалып қойғанына қарамастан, оның рухы ешқашан жасымады. Тәнінде жара барын сылтау етпей, белін шешпестен еңбек етіп, отбасын асырап, балаларына бар мейірімін төкті. Қойлыбайдың серігі де, сәні де болған – екі тазы, бір бүркіт, бір жүйрік ат еді. Тазыларының бірін Ұшар, екіншісін Сұңқар деп еркелетіп атады. Шәулімшеде өткен бәйгеде аты топ жарып, жүлдеге «Родина-3» радиосын иеленгені – оның атбегілік өнерінің айқын дәлелі. Баптаған аты бәйгеден алдына қара салмайтын. Қолы қалт ете қалса, атын сипап, тарақтап, суға түсіріп, ерекше күтім жасап, бабын келтіретін. Қойлыбай Құрманәліұлы үшін өмірдің мәні – еңбек, отбасы, Отан еді. «Балаларым – Алланың сыйы, ал ат – қазақтың жаны» деген сөздері оның дүниетанымын айқын көрсетеді.
Бүгінгі бейбіт өмір – осындай жандардың жанқиярлық ерлігінің нәтижесі. Сондықтан олардың ерлігін ұмытпау, ұрпаққа үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







