Тарихта қалған тағдырлар...
Уақыт өткен сайын ұмыт болады деген кейбір оқиғалар болғанымен жүрекке жазылған ерлік ешқашан өшпейді. Тарих – тек жылдар мен даталар тізбегі емес, ол ел үшін от кешкен ерлердің тағдырымен, сарбаздың соңғы үмітімен өріледі. Сол тағдырлардың бір парағы Тәжік-Ауған шекарасында, оқ пен оттың ортасында жазылды.Бейбіт өмірдің ақ таңы атқанда, оның артында қаншама күрес, қаншама үнсіз ерлік тұрғанын көпшілік біле бермейді. Ал сол бір сын сағаттарда жат жерде тұрған қазақ сарбаздары елдің амандығын жүрегінің дүрсілімен қорғады. Олар тарихқа атын жазу үшін емес, Отан алдындағы қасиетті борышын өтеу үшін қару ұстады.
Тәжік-Ауған шекарасы – талай жас жігіттің жігерін жанып, тағдырын таразыға салған мекен. Бірі туған жерге аман оралды, бірі елге деген сағынышын сол шекарада қалдырды. Бірақ олардың бәрін біріктіретін бір ғана ұлы ұғым бар еді – ол Отанға адалдық. Міне, сол адалдықтың, сол ерліктің, сол тағдырлы жылдардың жаңғырығы арада ширек ғасыр өтсе де ел жадынан өшкен жоқ. «ҚазБат» бітімгершілік күштерінің жауынгерлері қалдырған ерлік ізі – тарихта қалған тағдырлар ретінде ұрпаққа үнсіз сыр шертіп тұр.
2001 жылғы 8 ақпан – Қазақстан Республикасы «ҚазБат» бітімгершілік күштерінің Тәжік-Ауған шекарасындағы қауіпті әскери аймақтан елге оралған тарихи күн. 1992-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамынан жасақталған «ҚазБат» батальоны Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің сыртқы шекарасы саналатын Тәжік-Ауған учаскесінде әскери ұрыс қимылдарына қатысып, бейбітшілікті қорғау жолында ауыр міндет атқарды. Сол жылдары Шиелі ауданынан 60-қа жуық жауынгер осы батальон құрамында болып, ел тыныштығы үшін жан аямай қызмет етті.
Осы тарихи кезеңнің аяқталғанына 25 жыл толуына орай жақында Шиелі кентіндегі «Арман» мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы «ҚазБат» бітімгершілік күштерінің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына арналған салтанатты шара өтті. Тағылымды жиын ел үшін от кешкен ерлерге құрмет көрсетуге, олардың ерлігін ұрпақ жадында жаңғыртуға бағытталды.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталып, Тәжік-Ауған шекарасындағы соғыс қимылдары туралы бейнеролик көрсетілді. Ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланып, жиналған қауым батырлар рухына тағзым етті.
Жиында сөз сөйлеген аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев ҚазБат жауынгерлерінің тарихи рөліне тоқталып:
– Бұл азаматтар – тәуелсіз Қазақстанның ең ауыр кезеңдерінде ел қорғаны болған ерлер. Сіздердің ерліктеріңіз – бүгінгі бейбіт өмірдің берік негізі. Мұндай ерлік ешқашан ұмытылмайды, – деп атап өтті.
Ал Шиелі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары, майор Бағдат Сағатұлы өз сөзінде:
– Қазақ сарбазы қандай жағдайда да ел намысын қорғаудан тайынған емес. ҚазБат жауынгерлері әскери антқа адалдықтың, батылдық пен төзімнің нақты үлгісін көрсетті, – деді.
Кездесу барысында Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге құрмет көрсетіліп, Шиелі ауданы әкімінің Алғыс хатын табыстады. Ел тыныштығы жолындағы адал қызметі үшін Қанат Бейісов, Бағжан Жақсыбаев, Ержан Дауренбеков, Таңат Мәдиев, Сәбит Батырбеков, Әлімжан Нұрмахан, Фархат Жұмабаев, Тоқтархан Баетов, Жора Қожамберген, Бекболат Әбуов, Нұржан Беркімбаев және Ғалымжан Байжанов марапатталды. Бұл марапат – олардың жауынгерлік жолына берілген ел алғысының белгісі болды.
Шара концерттік бағдарламамен жалғасын тауып, сахнадан отансүйгіштік пен ерлікті дәріптейтін әндер шырқалды. Өнер арқылы көрсетілген тағзым көрерменнің рухын көтеріп, ардагерлерге деген құрметті айшықтай түсті.
Кеш соңында «Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері мен мүгедектері» Шиелі аудандық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байжанов сөз сөйлеп:
– Біз бастан өткерген жылдар – тарихтың ауыр беттері. Бірақ сол қиындықтар бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғындырды. Ерлік – ұрпаққа аманат, ал оны сақтау – бәріміздің борышымыз, – деп түйіндеді.
Тарихта қалған тағдырлар – ел жадында мәңгі сақталады. Тәжік-Ауған шекарасында қалған ерлік ізі уақыт өткен сайын көмескіленбейді. Ол – бейбіт таңның тынысында, ұрпақтың жүрегінде, елдің рухында өмір сүре береді.
Айнұр ИБРАШЕВА,
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ
фото Бақытжан БӘЙІМБЕТ








