ЕЛДІК ТЕ, ЕРЛІК ТЕ – ҰРПАҚҚА АМАНАТ
Ауған соғысы аяқталғанына қанша жыл өтсе де, тарих бетінде қанды із қалдырған күндердің елесі ардагерлердің әлі күнге дейін көз алдында. Сұрапыл соғыста мыңдаған азамат қаза тауып, жан жарасы мен тән жарасын алғандар да аз емес. Отан алдындағы борышын жат жерде өтеп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен азаматтар – батырлық пен өршілдіктің өшпейтін жарқын бейнесі.
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 34 жыл. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген Үкімет ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жеріне аттанып, соғыстың ащы дәмін татты. 1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді.
Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына – 34 жыл. «Интернационалдық борышын өтеу керек» деген Үкімет ұранының арқасында енді ғана 18-ге толған бозбалалар ауған жеріне аттанып, соғыстың ащы дәмін татты. 1979 жылы осы ана сүті ауыздарынан кетіп үлгермеген балаң сарбаздар атақ-даңқ үшін емес, тыныштықты қорғаймыз, соғыс өртін өшіреміз деп қанды қырғынның ортасынан бір-ақ шыққан еді.
Жұртының тыныштығы үшін соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды еске алып, ардагерлерді ұлықтау мақсатында «Ерлік те, елдік те – ұрпаққа аманат» атты еске алу митингісі өтті. Шара қатысушылары қаза болған батыр ұлдарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, құран бағыштады. Еске алу әрмен қарай Ауғанстан жерінде Отан алдындағы борышын өтеп, ерлік қаза тапқан азаматтардың әруақтарына арналып арнайы гүл шоғын қою рәсімімен жалғасын тапты.
Патриоттық шарада аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөз алып, 1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылған Ауған соғысында жалын жастығын қалдырған азаматтардың ерен ерлігі ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил:
– Ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім арасындағы қанды шайқаста батырлықтың ерен үлгісін көрсеткен ардагерлер бар. Өкінішке қарай, жылдан-жылға олардың қатары азайып келеді. Ұлы Отан соғысынан кейін ауыр кезеңді Ауған соғысының ардагерлері бастан кешті. Біздің тілегіміз, енді қайтып мұндай зұлмат болмасын. Елімізде тыныштық, бейбітшілік мәңгі болсын!, – деген жүрекжарды лебізін жеткізді.
Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ардагерлер бүгінгі таңда Қазақстанның гүлденуіне өз үлесін қосып келеді. Сонау Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған сын сағаттарда бірін-бірі бауыр дескен азаматтар бүгінгі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде өмір сүруде. Қоса кеткен жөн, ауған жеріндегі соғысқа Шиелі ауданынан 50-ден астам азамат қатысып, солардың ішінде шиелілік Жұмат Қалекеев, Мақсұтбек Тоқмағанбетовтер ерлікпен қаза тапты.
Сұлушаш БАХТИЯРҚЫЗЫ