Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауған соғысына 32 жыл

Ауған соғысына 32 жыл


Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толды. Мағжан Жұмабаев айтқан ­«арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» сарбаздар соғыстың қатеріне бел буып, ел үшін күресіп, жанқиярлық ерліктің ерен үлгісін көрсете білді. Қара жердің бетін қызыл қанға бояп, қанша жанға қасірет қамытын кигізген отты жылдың қай жағынан алсақ та, жақтап алар тұсы жоқ. Сол соғыстың бірі – ауған соғысы.
Тарих қойнауына кеткен сұрапыл соғыс бүкіл қазақ еліне салқынын тигізгені белгілі.Тарих жылнамасында өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Бұл соғыс біздің ел үшін ғана емес, әлемді жайлаған қақтығысқа толы қырғынға ұласты. Бұл қанды қырғын 1979 жылы басталап, он жылға созылған соғыста қайтпас қайсарлық, беріспес батылдықтың ерен үлгісін көрсеткен жауынгерлеріміз, мұздай қаруланған лаңкестермен кескілескен соғыс жүргізді. Талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Иә, бұл соғыс біреудің өмірін жалмаса, енді бірінің жалғызын алды. Аузынан ана сүті кетпеген боздақтардың көбі дерлік сол қырғыннан отанымызға мүгедек болып оралды. Әскери борышын өтеуге аттанған жүздеген бозбала туған жеріне оралмады. Осындай орны толмас қасіреттерге толы күндер ел есінен мәңгі ұмытылмайды.
Айта кетейік, КСРО құрамында отан алдындағы міндетін арқалаған 22269 қазақстандық ауған соғысына қатысты. Олардың 924-і майдан алаңында ерлікпен қаза тауып, 1015 адам мүгедек болып оралып, 19 адам іс-түссіз жоғалды. Бүгінгі күні 70-тен аса интернационалист жауынгер әскер қатарында қызметін жалғастырып, өз саласының білікті маманы атанып, түрлі салада қызмет атқарып келеді. Ал, Қызылорда облысы бойынша Ауған соғысына 827 азамат қатысса, оның 18-і бақилық болды. 30-дан астамын соғыс мүгедек етті. Шиелі өңірінен 50-ден астам жауынгер аттанған болса, 2 азамат қаза тапқан. Сол бір отты жылдары ауған жерінде 1988 жылы қаза тапқан жас жауынгердің бірі Жұмат Қалекеев өзіне қарсы шыққан жауды талқандап, батырлық танытқаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденінің игері атанды. Ауған жерінде қару асынып, мұң арқалаған, сын сағаттарда бірін-бірі бауыр десіп елге аман-есен оралған ардагерлер Болат Сарбасов, Амантай Нұрманов, Нұрлан Асанов, Қалдыбай Елубайұлы, Серікбай Берімбетов секілді ағаларымыз отан үшін от кешіп, жауынгерліктің нақ үлгісін көрсете білген батырларымыздың болмысы осы ержүрек кісілер. Бұл ағаларымыз бала болып ойнаған жоқ. Керісінше бозбала шағында жат елге аттанып, соғысқа кірісіп, ел үшін аянбай күресті. Қайткенмен, қайсар ұлдарымыз қарсы шыққан жауына тойтарыс танытты. Бүгінгі күні ағаларымыз Шиелі ауданында еселі еңбек етіп, бір-бір әулеттің алтын қазығына айналған. 1989 жылдың 15 ақпанында кеңес әскері ауған жерінен шығарылды. Осындай батыр интернационалдық парызға адал болған ауғандық ардагерлерді қадірлеп, құрметтеу – біздің, өскелең ұрпақтың борышы. Елімізде өсіп келе жатқан болашақ ұрпақ осындай батыр ағалармыздан үлгі алып, бой түзеп өссе дейміз. Осынау ойранға қатысып келген батырларымыздың дендеріне саулық, бастарына амандық тіледік. Бұл күн – көңілде сызы, жүректе ізі қалған ауыр да азапты күн болып қала бермек. Батырларға деген сый-құрмет ешқашан жоғалмайды, жоғалмақ емес.

Шапағат Тілеубаев
13 ақпан 2021 ж. 5 459 0