Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жас ғұмырдың жарасы

Жас ғұмырдың жарасы


Биыл кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққанына 30 жыл толып отыр. Бұл соғыс Кеңес одағының тұсындағы тарих бетіндегі қайғылы күндер еді. 10 жылға созылған соғыс 1979 жылы Ауғанстанға әскер кіргізіп, 1989 жылы 15 ақпанда кеңес әскері соғыс болып жатқан жерді тастап шыққан. Одан бері қаншама жылды артқа тастағанмен, бұл жара халық жүрегінде өшпес сызат қалдырды. Сұрапыл соғысқа еліміздің намысты ер жүрек батырлары қатысып, жас өмірін құрбан етті. Қазақстаннан 22 мыңнан аса боз бала жігіттер қатысып, олардың бойындағы патриоттық сезіммен соғыстың не екенін білер-білместен кете барды. Міндет – Отанды қорғау деген ұранмен қырғын соғыста жас жігіттер өмірлерін құрбан етті. Талайдың тағдырын 10 жылдан бері тәлкекке салып, қаншама жастардың өмірін қыршыннан қиып кетті. Аудан бойынша бұл соғысқа 54 сарбаз жіберілген. Бүгінде 38 ардагер бейбіт күннің қызығын көріп, ортамызда жүр. Елбасы Н.Назарбаев бір сөзінде ауған соғысында қыруар қаржы шығындағанымызды, мыңдаған өмір қиылғанын, бәрібір Кеңес әскеріне бұл елді тастап шығуға тура келгенін, халық үшін бұдан асқан қасірет жоқ екенін айтқаны анық.Осы соғыстың сарбазы болған Серікбай Берімбетов Шиелі кентінде туып өскен. Бала кезінен қағілез болып өскен жігіт, кенттегі мектепте білім алады. Мектеп бітірген соң Түркістан қаласындағы индустриальды-педагогикалық техникумға оқуға түседі. Бірінші курстың қыркүйек айында 18 жасқа толған соң, 1987 жылы қараша айында әскер қатарына шақыртып, жолдамамен Түрікменстан елі Ашхабат қаласына әскери борышын өтеуге аттанады. Сол жерде әскери борышын өтей жүріп, қараша айынан сәуір айына дейін бес ай бойы оқу-жаттығудан өткізіп, оларды соғысқа дайындады. Өзімен тілдесіп, ауған елінде өткізген күндері жайлы айтып беруді сұрағанымызда үнсіз ғана кідіріңкіреп барып, сөзін бастады. Әлде айтқысы келмеді ме, яки сұрапыл соғыстың жарасын қайта тырнағысы келмеді сосын біраз ойланыңқырап, терең демалды да әрі қарай өрбітті. – 1988 мамыр айында Өзбекстан арқылы Ауған жеріне түнде ұшақпен қондық. Бізді «Кұндыз» деген қыстақтарына алып келді. Ол жерде 7 айдай болдық, – дейді. Алғаш жүргізушінің механигі болған ол, ротаның старшинасы ретінде беделі үстем болды. «Өз әскеріңді тамақтандырмасаң-өзгенің әскерін тамақтандырасын» деген сөзді айтып, қиындықта бірге болған сарбаздарды демеп, қолдап жүрді.
Осылайша, қазақ отбасына да қаншама қасірет әкелген Ауғанстан соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын.
Серікбай Берімбетов соғыстан соң аудандағы қорғаныс істер жөніндегі бөлімде әскерге шақыру қызметкері болып жұмысқа орналасады. Сол жерде қызмет ете жүріп, басшылыққа дейін көтеріледі. Отан алдындағы борышты өтеу әр азамат өз парызым деп түсінген жөн. Әскери борышын өтеуге келген жастарға үнемі ақылын айтып, елінің патриоты болуға тиістісің деп бағыт-бағдар беріп отырады.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
09 ақпан 2019 ж. 1 572 0