Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ерлік – ел есінде

Ерлік – ел есінде

Ел басына екіталай күн туған аңырақай кезеңдерде де, көршісіне көлденең дұшпан тисе білегінің күшімен, жүрегінің сұсымен қарсы тұра білетін қазақтың батыр жігіттері қашан да алғы шептен табылатын. Тәжік-Ауған жеріндегі аумалы-төкпелі уақытта от пен оқтың ортасында қаншама қандастарымыз ерен ерлік көрсетті. Өткенін білмейінше, келер күннің байыбына бару да мүмкін емес. Ерліктің өнегесін келер ұрпаққа насихаттап, ой салуына ықпал ету бас­ты парыз. Осы орайда бейсенбі күні Көкшоқы мөлтек ауданында орналасқан тағзым алаңында Тәжік-ауған шекарасында бітімгерлік миссиясын орындау барысында қаза болған азаматтарды еске алып, боздақтардың рухына тағзым етті.
1992 жылдың 15 сәуірінде ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылды. Қазақстанның мемлекетаралық келісім-шарттарына сәйкес, ҚазБат құрамы ІІМ Қарулы күштерінің бөлімшелері, ішкі әскерлері және ҰҚК шекаралық қызметі тәжік-ауған аумағында ТМД-ның сыртқы шекарасының оңтүстік шебін, Ауғанстанмен шектесетін ең ауыр және қиын бөлігінің тыныштығын күзетті. Олардың басты мақсаты – жалпы саяси жағдайдың тұрақтануына дейін тәжік-ауған шекарасындағы ахуалды ретке келтіру, сонымен қатар, гуманитарлық көмек тауарларының және босқындардың қауіпсіз жетуін қадағалау, маңызды нысандарды қорғау еді. Ауған-тәжік шекарасына аттанған сарбаздар Қазақстан егемендік алғаннан кейін сыртқа шыққан алғашқы әскер. 1992-2001 жылдары аралығында 9 жылға созылған бітімгершілік операциясы барысында Қазақстаннан 17 батальон аттанып, содырлармен арада орын алған қарулы қақтығыстарда, 49 қазақстандық сарбаз қаза тапты, көпшілігі жарақат алды. Осы жылдар ішінде 8,5 мыңнан астам қазақстандық әскери қызметшілер тәжік жерінде борышын өтеді.
Шекараны бұзушы қарулы топтармен қақтығыс барысында, заставаға бандиттік шабуыл, қазақстандық контингент құрамымен терактілер және диверсиялар нәтижесінде көптеген адам шығындары болды. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Пшихавр шатқалында орын алды. Сол жерде болған шайқаста 17 қазақ жігіті қаза тауып, 33-і жарақат алды. Осы ұрыста шейіт болған 17 сарбаздың ішінде жерлесіміз Ержан Әбдиев те бар еді. Соғыс ресми түрде 1998 жылы аяқталғанымен, қазақ жауынгерлері 2001 жылға дейін шекара күзетінде тұрды. Осындай батыр да қайсар азаматтардың есімін өскелең ұрпаққа өнеге ретінде насихаттау мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен «Ұмытылмас ерлік» атты танымдық шара ұйымдастырылды.
Көкшоқы мөлтек ауданындағы тағзым алаңында ауған соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қоюмен басталған шарада аудан әкімінің орынбасары Алмасбек ­Есмаханов, аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы ­Өркен ­Исмаил және аудандық тәжік-ауған қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан ­Байжанов отты жылдарда қаза болғандарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады. Сонымен қатар, «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Бақыт Ұлжаев соғыс құрбандарына құран бағыштады.
Одан әрі шара аудандық «Арман» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Шара барысында Кеңес әскерінің ауған дұшпандарына қарсы өткізген соғысы туралы деректі фильмді тамашалады. Одан соң аудандық мәслихат хатшысы:
– Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасындағы бітімгершілік миссия­сын орындауы – Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың саяси ерік-жігері мен салиқалы саясатының арқасында жүзеге асырылды. Бүгінде еліміздің айбыны, мақтанышы ҚР-ның Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Боздақтарымыз мемлекеттің қауіпсіздігін сақтау жолында жанын пида етті. Олар елдің бейбіт өмірімен тыныштығын қорғады. Сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Барлығыңызға зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деп ақжарма тілегін білдірді.
Одан соң, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағсы Ө.Әзімханұлы сөз алып, майдан даласында қайсарлық танытып, міндеттерін адал орындаған әскерилердің ерлік істері жас ұрпақ үшін үлгі-өнеге екендігін айтып өтті.
Ерлік – жан дүниенің ұлы қасиеті. Батылдық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһарман жерлестерге ілтипат қашанда ерекше. Осы орайда, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Ұжымдық Бітімгершілік Күштерінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Қазбат» бітімгершілік батальоны құрамы атынан тәжік-ауған шекарасы аумағындағы әскери ұрыс қимылдарына қатысып, Отан алдындағы борышын өтеген Шиелі ауданының бір топ азаматтары «Қазбат – бітімгер» медалімен марапатталды.
Міне, осылайша аудан әкімдігі мен ішкі саясат бөлімі және Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен жиын соңына таяды. Шара соңы аудандық «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының концертік бағдарламасына ұласты.

Ш.Тілеубаев
08 сәуір 2022 ж. 853 0