ТАҒЗЫМ. ТАРИХ. ТАҒДЫР
Ауғанның адырлы асулары алыстағанымен, оның жаңғырығы жүректерден өшкен жоқ. 37 жыл – бір ұрпақтың ғұмырына татитын уақыт. Бірақ уақыт өзенінің ағысы қанша алыстатса да, от кешкен ерлердің бейнесі ел жадынан көмескі тартпайды. «Тағзым алаңында» өткен еске алу жиыны – сол ұмытылмас жылдардың үнін қайта тірілткен, тағдыр мен тарих тоғысқан тебіреністі сәт болды.Ауған соғысы – тарихтың қаралы тарауы. Ол – қардың үстіне тамған қан, хатқа айналмай қалған аманат, оралмай қалған боздақ. Кеңестік кезеңде мыңдаған жас жігіт «интернационалдық борыш» деген ұғымды арқалап, бейтаныс елдің отты даласына аттанды. Солардың қатарында Қазақстаннан барған 22 мыңнан астам азамат бар еді. 761-і туған топыраққа табытпен оралды. 21 жауынгер хабар-ошарсыз кеткен. Бұл – құрғақ дерек емес, мұның артында бір әулеттің үміті үзілген сәт, бір ананың кірпігіне қатқан жас, бір әкенің жүрегіне түскен сыз жатыр.
Салтанатты жиында бір минут үнсіздік жариялап, ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов сөйлеген сөзінде Ауған соғысын тарихтың қасіретті беттерінің бірі деп атап, ел үшін жан қиған ерлердің ерлігі мәңгілік екенін айтты. Оның жастарға қарата айтқан отансүйгіштік, бейбітшілікті бағалау туралы үндеуі – бүгінгі ұрпаққа бағытталған аманат іспетті.
Аудандық орталық «Оқшы ата» мешітінің бас имамы Рахат Серікбайұлы қаза болған жауынгерлердің рухына Құран бағыштап, елге амандық тіледі. Дұға үстіндегі сол бір сәтте өткен мен бүгін, тірі мен мәңгілікке кеткендер арасындағы көрінбес көпір орнағандай әсер қалдырды.
Бүгінде Қазақстанда 10 мыңға жуық Ауған соғысының ардагері өмір сүреді. Олардың үш мыңдайы тағдырдың салған ауыр таңбасын денесінде көтеріп жүрген жандар. Шиелі ауданынан 50-ге жуық азамат сол бір жылдары азаматтық борышын өтеп, елге абыроймен оралды. Олар – соғыс шындығын көзімен көрген, достықтың да, қасіреттің де шынайы бағасын білген буын. Олардың әрқайсысының жүзінде – үнсіз шежіре, жүрегінде – өшпес із бар.
Тағылымды шара кенттегі «Арман» мәдениет үйі ғимаратында «Ел қорғаған ерлер» атты кешпен жалғасты. Кеш шымылдығы арнайы бейнероликпен ашылып, көрермендер жүрегін өткеннің елесі тербетті.
Аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев бұл кездесудің жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, ардагерлерге алғыс білдірген соң, олардың бірқатарына аудан әкімінің алғыс хатын табыстады.
Патриоттық әндер шырқалып, зал ішін ерекше бір рух кернеді. Ән әуеніне ел тарихының үні қосылып, әр жүрекке жетті.
Ауған ардагерлері – тек кешегі майдангер емес, олар – бүгінгі бейбіт өмірдің тірі куәгерлері. Олардың тағдыры бізге бір ақиқатты еске салады. Ел қорғаған ерлердің есімі – ел жадында. Уақыт жылжыған сайын тарих алыстамайды, қайта тереңдей түседі. Тағзым – өткенге бас ию ғана емес, ол – болашақ алдындағы жауапкершілік. Бүгінгі жас ұрпақ ардагерлердің ерлігіне қарап бой түзейді. Ауған жерінен әскердің шығарылғанына 37 жыл өтсе де, сол бір жылдардың сабағы ұмытылған жоқ. Өйткені ерлік – уақыттан биік, ал тағзым – мәңгілік.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








