Тарихтан тамыр тартқан Тәуелсіздік
Тәуелсіздік – тағдырдың тосын сыйы емес, тарихтың ауыр тарауынан өтіп келген ақиқат. Ол бір күнде келіп, бір ұранмен орнаған жоқ. Ол – ызғарлы желтоқсанда алаңға шыққан жас жүректердің үмітімен, қорқынышты жеңген рухымен, әділет үшін жанын шүберекке түйген батылдығымен келген ұлы ұғым. Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде өткен «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты тағзым шарасы осы шындықты тағы бір мәрте ұлт санасына терең сіңірген тағылымды басқосу болды.Бұл кеш – салтанатты жиыннан гөрі, ел жадын жаңғыртқан рухани сұхбат алаңы іспетті болды. Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушыларының бір залда бас қосуы – өткен мен бүгіннің, тарих пен тағдырдың тоғысқан тұсы еді. Экраннан көрсетілген тәуелсіздікке арналған бейнеролик пен жас буынның жалынды өлеңдері – еркіндіктің оңай келмегенін еске салған үнсіз ескертпе секілді.
Зал іші бір минут үнсіздікке шомған сәт – сөзден де өткір, дауыстан да биік тағзым болды. Бұл үнсіздік – 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанында әділет үшін алаңға шыққан жастардың рухына арналды. Сол үнсіздікте халықтың қасіреті де, үміті де, жеңісі де бар еді.
Аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың жастарға арнаған сөзі тәуелсіздікті тек мақтан тұту емес, оны жауапкершілікпен алып жүру қажеттігін ұғындырды. Оның айтқан ойлары бүгінгі ұрпақтың санасында елге қызмет етудің биік өлшемін қалыптастыруға бағытталды.
Тағзым шарасының ең салмақты тұсы – желтоқсан оқиғасына қатысушыларға көрсетілген құрмет. Желтоқсаншылардың сол күндердегі ауыр сәттерді тебірене баяндауы – қатысушылардың жүрегіне салмақ салды. Бұл әңгімелер – құрғақ дерек емес, тірі тарих, тағдырдың таңбасы.
Сахнада шырқалған туған жер мен Отан туралы әндер – рухты көтеріп, көңілді нұрландырды. Ән арқылы айтылған елге деген махаббат – сөзбен жеткізілмейтін сезімді оятты. Бұл тағзым шарасы бір күндік естелік үшін емес, мәңгілік ой салу үшін ұйымдастырылды. Себебі желтоқсан – өткеннің өкініші ғана емес, болашақтың өлшемі. Ал сол өлшемге сай болу – бүгінгі ұрпақтың ең үлкен міндеті.
Сұлушаш МАДИЯРОВА








