ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ ЕТКЕН КҮН
9 мамыр – Жеңіс күні – ел үшін от кешкен, кеудесін оқ тескен қаһарман ұлдардың арманы орындалған сәт. Қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде қанқұйлы жау¬мен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер құрмет қашан да айрықша. Айтулы мерекеге орай шиеліліктер «Тағзым» алаңына гүл шоқтарын қойып, Ұлы Отан соғысы жылдарында құрбан болған жауынгерлердің рухына тағзым етті.
Шара басталмас бұрын аудан тұрғындары, ардагерлер, мекеме қызметкерлері құрбан болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, құрмет көрсетті. Мұнан соң аудан әкімі Нұржан Ахатов жиынға қатысушылар мен қонақтарды Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен құттықтады.
– Баршаңызды Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Біз жуырда ғана Қазақстан халқының бірлігі күні және Отан қорғаушылар күні мерекесін атап өттік. Бүгін өздеріңізбен ерліктің мерекесін ел болып еске алудамыз. 9 мамыр – адамзат тарихындағы сұрапыл соғыстың аяқталып, жеңіс туының көтерілген күні. Бұл – атамекен, туған жерді жан сезіммен қастерлей білген, Отанға деген сүйіспеншілікті паш еткен мерейі үстем, мәртебесі биік мереке. Әрине, бұл жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Шартарапты шарпыған Ұлы Отан соғысы әрбір әулеттің, әрбір азаматымыздың жүрегіне қаралы ізін қалдырды. Қан майданның қасіретін тартпаған, зұлмат күндер жанына батпаған адам жоқ. Біз Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың ерлік жолын насихаттап, елдің тыныштығын, шекарамыздың бүтіндігін сақтауға тиіспіз. Отан қорғаушылар күнімен және Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деді аудан басшысы өз сөзінде. Сонымен қатар аудан ардагерлері сөз сөйлеп, мерекеге орай жылы лебізін жеткізді. Іс-шара соңында Ұлы Отан соғысында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батыр бабаларымыздың рухына Құран бағыштап, ас берілді.
Ардагерлердің ұлы ерлігін әрбір қазақстандық мәңгі жадында сақтау қажет. Солардың арқасында біз, жастар бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз.
Айнұр МАҚСҰТҚЫЗЫ