Шиеліде Жеңіс күні мерекесі атап өтілді
Шиелі ауданында 9 мамыр - Жеңіс мерекесінің 78 жылдығына арналған мерекелік шара «Тағзым» алаңында өтті.
Шараға аудан әкімі Нұржан Ахатов бастаған ел ағалары, ардагерлер және аудан тұрғындары қатысып, соғыста қаза болғандарға арнап «Тағзым» алаңының алдына салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Жиналғандар майдан даласында қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алып, әруақтардың рухына құран бағышталды.
Мерекелік жиында аудан әкімі Нұржан Ахатов жұртшылықты өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың мерекесі, Ұлы Жеңіс күні – бейбіт өмірді сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен қайсар рухына тағзым ететін қастерлі күн, Жеңіс күнімен құттықтады.
«Оқ пен оттың арасында болған ардагерлеріміздің бүгінде соғыстың соңғы сардары аталып кеткен Сәрсенбек Байжанов ақсақал ғана ортамызда. Құдай берген қуаттың арқасында биыл ақсақал 100 жасқа толып, күні кеше ғана аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы ақсақалдың шаңырағына арнайы келіп, жаңа автокөліктің кілтін табыстаған болатын. Бұл да болса, елдің атынан ардагерге жасалған аздаған құрмет деп білемін. Қадірлі қауым! Біз әрқашан да Жеңіс мерекесін аға буынның Отанға, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілігінің, жастарды ерлік пен патриотизм рухында тәрбиелеудің өлшеусіз өнегесі деп білеміз. Ерлік істері еліміздің тарихы мен шежіресінен мәңгі орын алған, елге мұра, ұрпаққа ұран болған батыр бабаларымыздың алдында мәңгілік қарыздармыз. Қасиетті де ұлы ерлікті ел жадында мәңгілік сақтаудың айшықты нышанына айналған Жеңіс мерекесі баршаңызға құтты болсын», – деді аудан басшысы.
Шара жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасына ұласып, өнерпаздар соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.