ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 77 ЖЫЛ ТОЛДЫ
Жеңіс мерекесінің 77 жылдығына арналған мерекелік шара 9 мамыр күні Шиелі кентіндегі «Тағзым» алаңында өтті. Жиынға аудан әкімі мен ел ағалары, ардагерлер, жас сарбаздар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Мерекелік шарада ел ағалары соғыста қаза болғандарға арнап гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң әруақтардың рухына Құран бағыштады. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков аудан жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтап, жылы лебіз-тілегін білдірді.
Мерекелік шарада ел ағалары соғыста қаза болғандарға арнап гүл шоқтарын қойып, майдан даласында қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Одан соң әруақтардың рухына Құран бағыштады. Аудан әкімі Нариман Мақұлбеков аудан жұртшылығын Жеңіс мерекесімен құттықтап, жылы лебіз-тілегін білдірді.
– Қан майданның қасіретін тартпаған, зұлмат күндер жанына батпаған адам жоқ. Соғысқа әлем халқының 80 проценті, сол кездегі әлем картасындағы 73 мемлекеттің 62-сі қатысты. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде 40 мемлекеттің жерінде соғыс қимылдары жүріп, 27 млн-нан астам адам тікелей майдан даласында, 60 млн-нан астам адам соғыста қаза тапты. 1418 күн мен түнге ұласқан Ұлы Отан соғысына «Отан үшін соғыссаң – күймейсің, арың үшін алыссаң – өлмейсің», – деген халық даналығын үлгі еткен 1 млн 366 мың қазақстандық қатысты. Ал Қызылорда облысынан 70 мыңнан астам адам соғыс қатарынан көрінді. Оның 35 мыңы майдан даласында қаза тапты. Шиелі ауданының өзінен 6 мыңнан астам адам соғысқа аттанып, олардың 4407-сі майдан даласынан оралмай қалды. Сол бабалардың батырлығы мен жанқиярлығы Отанына деген шексіз сүйіспеншілігі Қазақстанның жауынгерлері үшін мақтан тұтарлық үлгі. Бір өкініштісі, от пен оқтың арасында болған ардагерлеріміздің бүгінде біреуі ғана ортамызда. Ол Отан қорғау жолында аянбай күрескен, Шиелі жерінен шыққан соғыстың соңғы сардары – Сәрсенбек Байжанов ақсақал. Сондай-ақ ауданда соғыс даласында мерт болған 5 соғыс ардагерінің отанасы және 301 тыл ардагері бар. Олардың әрқайсысы ерлікпен пара-пар тағдыр соқпағынан өтіп, бүгінде ел тыныштығын тілеп отырған қадірлі жандар. Осындай ардагерлерімізді құрметтеуді біз міндет тұтамыз, – деді аудан әкімі өз сөзінде.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, «Еңбек және тыл ардагері» Киікбай Сымайлов сөз алып, бейбіт өмір сыйлаған жауынгерлерге шынайы алғысын жеткізді.
Шара соңы «Тағзым» алаңында «Ерлік ешқашанда ұмытылмайды» атты театрландырылған қойылымға ұласып, аудан өнерпаздары соғыс жылдарындағы әндерді шырқады.
Рамазан ӘНӘПИЯ