Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауған асуында от кешкендер

Ауған асуында от кешкендер

15 ақпан күні Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына тұп-тура 33 жыл толды. Он жылға созылған бұл соғыс қаншама жас сарбаздың өмірін жалмап, тірі қалғандарының жанына өшпестей жара салды.
Соғыс кезінде Кеңес әскерінің 15000 сарбазы қайтыс болып, 53000 адамы жарақат алған. «Отанына қайтып оралған жауынгерлердің көпшілігі күйзеліске түсіп, қалыпты өмірге бейімделе алмады» деседі. Осы ретте оларға рухани қолдау білдіріп, өздеріне деген құрметті сезіндіру біздің ортақ міндетіміз.
Осыны ескерген аудан әкімдігі 15 ақпан күні Ауған соғысының ардагерлерімен кездесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдады. Шараға «Nur Otan» партиясы Шиелі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Сыздық, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет, ауған соғысының ардагері С.Берімбетов, ауған ардагерлері қатысты. Шара барысында аудан басшысы Нариман Мақұлбеков Ауғанстандағы соғыс біздің тарихымыздағы ешқашан ұмытылмайтын саяси оқиға екендігін атап, қаншама жас боздақтарымыз әскери, әрі интернационалдық борышын өтеп жүріп, ерлікпен қаза тапқандығы, он жылға созылған бұл соғыс ел жұртымызға өте ауыр кезең болғандығын жеткізді.
Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил, ауған соғысы ардагерлерінің төрағасы Серікбай Берімбетов сөз алып, ардагерлердің қан майданда көрсеткен ерліктері үшін алғыс білдірді. Салтанатты шараның соңы Тағзым алаңында ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналған еске алу митингіне ұласты.
«Ауған асуында от кешкендер» атты Тағзым алаңында өткен еске алу митингінде аудан әкімі мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Ө.Исмаил боздақтардың құрметіне арнап гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ, шараға қатысушылар боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алып, рухына дұға бағыштады.

Рамазан ӘНӘПИЯ
18 ақпан 2022 ж. 696 0