Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат
15 ақпан күні Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай «Ерлік те, елдік те ұрпаққа аманат» атты шара Көкшоқы мөлтек ауданындағы «Тағзым алаңында» басталды. Шараға ауған соғысының ардагерлері, аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, бөлім басшылары, жастар мен БАҚ өкілдері және «Оқшы ата» мешітінің имамы Б.Ұлжаев қатысты. Алдымен А.Есмаханов аудан әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, «ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен орындады. Сол уақыттағы 18-19 жасар жауынгерлердің ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Олардың бойындағы намыс пен ұят, күш пен жігер жас ұрпаққа үлгі. Еліміз бен жерімізді қорғау әр азаматтың борышы» деді. Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Абдрахманов, Үкіметтік емес ұйымдар мен заңды тұлғалар ассоциациясының Шиелі ауданы бойынша төрағасы Серікбай Берімбетов сөз алып, ардагерлерді айтулы мерекемен құттықтады. Мұнан соң Тағзым алаңында жиналғандар бір минут үнсіздікпен жауынгерлерді еске алып, гүл шоқтарын қойып, соғыста қаза тапқан жерлестердің рухына ауданның бас имамы Б.Ұлжаев құран бағыштады.
Аталған шара «Арман» мәдениет үйінде жалғасын тапты. Мұнда ауған соғысына байланысты сахналық қойылым қойылып, бейнеролик көрсетілді. Шарада аудан әкімінің орынбасары тағы бір мәрте құттықтау сөз сөйлеп, аудан әкімінің атынан ардагерлерге «Алғыс хат» табыстады. Сонымен қатар, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Р.Шарипбаев жылы лебізін білдірді. Шара мерекелік кешке ұласып, «Арман» мәдениет үйі өнерпаздарының биі мен патриоттық сарындағы әндерімен әсерлене түсті.
Ақбота Баянбай