Ауғанстандағы жауынгерлік жол
Еңбек ардагері Әбсаттар Арыстанұлы жинақтаған деректер негізінде Ауған соғысына қатысқан жерлестеріміздің жауынгерлік жолымен таныстыруды жалғастырамыз.Біз бүгін Байсын ауылының тұрғыны Сабыр Нәлібаевтың естеліктеріне назар аударайық.
«Мен 1987 жылдың қараша айының 12-сі күні азаматтық борышымды атқарып жүрген әскери бөліммен бірге Ауған жеріне табан тіредім. Біздің мотоатқыштар ротасы Джалал-Абад шаһары маңындағы Гүлбахор қыстағына орналасып, Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы Паншер асуын күзету міндетін атқарды. Бұл асудан өтетін адамдар мен көліктер тексерістен өткізіліп тұрды.
Бір взвод асуда орналасып, көрген-білгендерін төмендегі командирлерге хабарлап отырды. Ал төменде, таудың етегінде орналасқан екі взвод оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізіп, қажет жағдайда көмекке шығатын. Ұрыс болмаған, тыныш кезеңдерде олар техниканы жөндеп, қару-жарақтың кем-кетігін толықтыратын. Белгілі бір мерзім өткен соң, взводтар бір-бірін алмастырып, таудың басына кезекпен көтерілетін.
1988 жылдың 30 қыркүйегінде Кеңес әскерінің елге қайтуға дайындық кезеңі басталған еді. Алайда ауған сарбаздары әлі толық жасақталып бітпеген, әскери дайындық деңгейі де жеткіліксіз болатын. Осыны пайдаланған қарсы тарап шабуылдарын күшейте түсті. Бұл әрекеттер біздің шегінісімізді әлсірету, шығынға ұшырату және кек алу мақсатында жасалғандай көрінді.
Кеңес әскерінің офицерлері мен сарбаздарын жою арқылы олар жергілікті халық пен біздің арамыздағы бейбіт қатынасқа сызат түсіруді және ауған жасақтарының қатарын толықтыруды көздеді. Сол кезеңде Кеңес одағымен байланыстыратын барлық жолға күшейтілген күзет қойылды. Тіпті көлік жүргізушілері де күзет қызметіне тартылды.
Біз тұрған жерден алыс, елге қарай бағыт алған полк батальондарының бірі Паншер өзені маңында қарсыластың тосқауылына тап болды. Гранатометтен жасалған алғашқы соққы салдарынан БМП ішінде отырған үш сарбаздың екеуі қаза тапты. Үшіншісі ауыр жарақат алды. Сол сәтте «Жауынгерлік дабыл» жарияланып, барлық бөлімше көмекке көтерілді. Шайқасқа артиллерия мен тікұшақтар да тартылды. Қысқа уақыт ішінде жау шоғырланған аумақ толық жойылып, Гүлбахор қыстағы түтін мен шаңға оранды.
Осы шайқас кезінде жерлесім Жұмат Қалекеевпен кездестім. Біз бір полкте қызмет еткендіктен бір-бірімізді бұрыннан танитынбыз. Ол кездесу кезінде туған ауыл, достар және елге оралып, бейбіт өмір туралы арманымызды әңгімелеген едік. Бұл біздің соңғы жүздесуіміз екенін ол кезде білмедік. Кейін Жұмат қызмет еткен БМП минаға түсіп жарылды. Ол сол жерде қаза тапты. Бұл соғыс менің жүрегімде өшпес із қалдырды.
1989 жылдың 12 ақпанында біздің полк Өзбек КСР-нің Термез қаласы маңындағы Әмудария өзені арқылы өтіп, елге қайтып оралды. Мен әскери қызметімнің қалған уақытын Термезде жалғастырдым. 1993 жылдың наурыз айында Фарида есімді қызбен шаңырақ көтердім. Қазір ұрпақ өсіріп, немере сүйіп отырған ата-әжеміз. Ауғанстандағы қанды қырғын мен көрген оқиғалар өмірімде терең із қалдырды. Сол қасіретті күндер енді ешқашан қайталанбасын деп тілеймін» деп әңгімесін аяқтады.
М.Кеңесұлы,
сурет Нәлібаевтардың отбасылық
альбомынан алынды
сурет Нәлібаевтардың отбасылық
альбомынан алынды







