Ерлік шыңы
Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 32 жыл толуына орай және жастарды Отанын, елін, жерін сүйюге, сонымен қатар ұлтжандылық рухта тәрбиелеу мақсатында Шиелі аудандық балалар кітапханасының оқу залында ауған соғысына қатысқан ардагерлермен «Ерлік шыңы» атты кездесу кеші өтті.
Ауған елінде 10 жылға жуық созылған соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысты. Қанды шайқаста талай сарбаз ерлік жолында мерт болды. Тағылымды шарада ауған жерінде қаза тапқан жауынгерлерімізді еске алып, бір минут үнсіздік жарияланды. Кездесуге арнайы шақырылған «Ауған соғысының» ардагерлер ұйымның төрағасы Серікбай Берімбетов, Болат Сарбасов, Қалдыбай Байгелов өздерінің өмір жолдары мен майдан даласындағы отты жылдардағы көрген қиыншылықтары туралы естеліктерімен бөлісті.
Шара барысында «Ауғанның от жалыны» атты кітап көрмесімен кітапханашы Сәуле Ерғали таныстырды. Сондай-ақ кездесуде №45, №46 мектептердің оқушылары қатысып, интернационалист жауынгерлерге көкейде жүрген сұрақтарын қойды. Бір топ жас оқырмандар ауған ардагерлеріне арналған жыр шумақтарды Ахмет Бақытжан, Сәкен Жанболат, Жандәулет Нұржанұлы, Уалихан Болатұлы, Байкен Алпысбай нақышына келтіре оқыды. Кітапханашы Перуза Түлкібай ауған жауынгерлеріне арнап өзінің жүрекжарды алғысын айтып, тілегін білдірді. Бұл кездесуден балалар керемет әсер алып қайтты.
Кеш соңында кітапхана меңгерушісі Гүлзира Қоңыратбаева әскери-патриоттық тәрбие аясында өткізіліп отырған бүгінгі іс-шараға қатысуға келісім білдірген ардагерлерге мыңда бір алғыс айтып, естелік сыйлық табыстады.
Шапағат ТІЛЕУБАЙ