Өмір белесіндегі жауынгерлік жол
Қазіргі таңда ауданда өткен ғасырдың 70-80 жылдары әскери борышын Ауғанстан жерінде абыроймен атқарып ерлік үлгісін көрсеткен 35 азамат бар. Біраз жыл бұрын олардың саны 60-тан асатын еді. Өкінішке қарай, осы уақыт ішінде соғыстан алынған жарақат, басқа да аурудың салдарынан олардың бірқатары дүниеден озып кетті. Бәрі де сол атың өшкір соғыстың кесірі дегеннен басқа шара жоқ...Еңбек ардагері Әбсаттар Арыстановтың ұсынысы мен редакцияға берген мәліметтері бойынша жыл бойы газет бетінде, әскери антына адал болып, Отан үшін от кешкен жігіттер жайлы мақалалар легін жариялап отырамыз деп шештік.
Бүгінгі кейіпкеріміз Қалдыбек Байгелов 1969 жылдың 19-шы шілдесінде Шиелі кентінде дүниеге келген. Жауынгер жерлесіміздің естелігінен үзінді.
– «Мені және менің бір топ замандастарымды 1987 жылдың 12 қарашасында Шиелі аудандық әскери комиссариат арқылы КСРО-ның ҚК қатарына шақырды. Біз әскерге шақырылған жап-жас жігіттер мінген пойыз облыс орталығы Қызылорда қаласынан шығысқа қарай бет алғанда вагон ішінде қанша адам болса, жүретін бағытымыз, баратын жеріміз туралы сонша пікір айтып жатты. Мысалы, бірі «Ташкенттің жанында боламыз» десе, «жоқ олай емес, бізді өзіміздің астанамыз әсем қала Алматыға алып барады» деп жатты. Мұндай дискуссияға қосылмай өз пікірі өзімен болғандар да бар. Солардың бірі – мен. Өз басым «қайда алып барса да, міндетті екі жылымды өткізіп, аман-есен үйге қайтсам болды» деген ой құшағында отыра бердім. Біздің пойыз жүйткіп отырып одақтас республика Түркіменстанның (мен сол кездегі саясатпен айтып отырмын) астанасы Ашхабад қаласына келіп демін бір-ақ алды. Біз осы Ашхабад қаласының жанындағы №95866 әскери бөлімде БМП-2 (ЖҰМ-2) механик-жүргізуші деген мамандықты 6 ай оқыдық. Әскери антты да осында қабылдадық. Бұл оқыту ротасында Шиелі ауданының Қызыл Ту колхозының бөлімшесі болған (қазір Досбол датқа ауылы) Ақтоғаннан Жұмат Қалекеев (1988 жылы...минаға жарылып қайтыс болды), Қызыл Ту колхозының екінші бір бөлімшесі Жаңатұрмыстан (қазір Байсын ауылы) Сабыр Нәлібаев және Шиелі кентінің өзінен Серікбай Берімбетов төртеуіміз бірге болдық. Оқу мерзімі біткен соң бізді полктерге бөліп жіберді. Мен бір полкке, Серікбай басқа бір полкке, ал Жұматпен Сабыр екеуі бір полкке түсті. БМП-2 (ЖҰМ-2) ұрыстық жағдайымен және оның басқада ерекшіліктерімен толық танысып, білген соң, бізді Түркіменстанның Мары қаласының аэропортында ұшаққа мінгізіп Ауғанстанның астанасы Кабулға, одан әрі Баграм провинциясындағы заставаға алып келді. Заставадағы офицерлермен солдаттардың міндетіне Баграмдағы аэропорт пен санбатты күзетіп-қорғау жататын. Бұл екі нысанның аумағы өте үлкен және аралары бір-бірінен қашықтау еді. Баграм шаһарының жанындағы таудың төбелерінде де застава болатын. Олардың міндеті тау арасындағы жолдармен ары-бері өткендерді бақылау, дұшпандар жағынан атыс-шабыс дауысы естілген сәтте біз көмекке баратынбыз» деп әңгімесін аяқтады.
Қалдыбек Байгелов майданда көрсеткен ерліктері үшін «Жауынгерлік айбыны үшін», «За отвагу», «За особые заслуги» Ауғанстан президентінің «Жауынгер интернационалист», «Ауған халқының алғысы» медальдарымен марапатталған.
Қазіргі уақытта ол денсаулығына байланысты уақытша жұмыссыз. Оған дейін теміржолдың әскерилендірлен күзет бөлімінде қызмет істеді. Жұбайы Гулнара Сейдахметова екеуі ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп, бақытты өмір сүруде.
М.Кеңесұлы







