Көзге көрінбейтін қауіп
Жаздың шуағы жер бетіне толық төгіле қоймаса да, табиғаттың тынысы өзгеріп, тіршілік атаулы қозғалысқа түскен шақта көзге көрінбейтін қауіп те күшейе түседі. Қарапайым тіршілікте байқалмайтын, бірақ адам денсаулығына зиян келтіретін кене өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Эпидемиялық кезең басталғалы аудан көлемінде кене шағудың 57 дерегі тіркелген. Ал былтыр дәл осы кезеңде 37 тұрғын кене шағып, дәрігерге жүгінген.Кене – кішкентай болғанымен, қауіпті жәндік. Оның бір ғана шағуы адам ағзасына ауыр дерттің жолын ашуы мүмкін. Солардың ішінде қауіпті жұқпалы дерттердің бірі – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Аталған ауру жыл сайын эпидемиологиялық маусымда ерекше бақылауды талап етеді.
Биыл аудан көлемінде бұл инфекция бойынша 5 болжамды жағдай тіркеліп отыр. Оның ішінде 3 дерек Майлытоғай елді мекенінен анықталған. Мамандардың айтуынша, тіркелген жағдайлардың біреуі зертханалық жолмен нақтыланған. Бұл жағдай өңірде эпидемиологиялық ахуалдың әлі де күрделі екенін аңғартады.
Аурудың таралу қаупіне байланысты бірқатар елді мекендер қолайсыз аумақ ретінде белгіленген. Атап айтқанда, Шиелі кенті мен Бидайкөл, Н.Бекежанов, Жақаев, Байсын, Қарғалы, Ақмая, Еңбекші, Қосүйеңкі, Тәжібаев, Досбол датқа, Жөлек, Бала би, Майлытоғай және 1-Мамыр ауылы ерекше бақылауға алынған.
Табиғат – адамға қуат беретін, жанға жайлы мекен. Алайда сол табиғаттың өзінде қауіп жоқ емес. Орман-тоғайда серуендегенде, егін даласында еңбек еткенде немесе мал шаруашылығымен айналысқанда қарапайым сақтық шараларын естен шығармау қажет. Себебі кене көбіне шөптің арасында, бұталардың түбінде жасырынады.
– Кене шаққан жағдайда ең бастысы – уақыт жоғалтпау. Егер жақын маңда медициналық мекеме болмаса, жәндікті өз бетінше абайлап алып тастауға болады. Алайда оны жұлып алуға, қысуға немесе үстіне май жағуға болмайды. Мұндай әрекеттер керісінше жағдайды ушықтырып, жәндіктің улы сілекейінің ағзаға көбірек таралуына себеп болуы мүмкін. Кенені тұмсығына жақын ұстап, жайлап бұрап алу – ең дұрыс тәсіл.
Одан кейінгі қадам – міндетті түрде медициналық тексеріс. Алынған кенені зертханаға тапсырып, оның жұқпалы ауру тасымалдаушысы еместігін анықтау қажет. Егер қауіпті инфекция анықталса, дер кезінде ем қабылдау – денсаулықты сақтаудың жалғыз жолы. Кене шаққан жерді залалсыздандыру, жеке гигиенаны сақтау да – маңызды талап. Ал ең бастысы – адам өз жағдайын бірнеше апта бойы жіті бақылауы тиіс. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік сияқты белгілер байқалса, бірден дәрігерге қаралу қажет, – дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатова.
Бүгінгі таңда ғылым мен медицина дамыған. Ал ата-бабаларымыздың ежелден табиғатпен үндес өмір сүріп, қауіптің алдын алу жолдарын жетік білгені таң қалдырады. Қазақ халқының көшпелі тұрмысында мал қорасының көңін көшу кезінде аударып кету дәстүрі болған. Бұл – түрлі жәндіктердің, соның ішінде кененің таралуына тосқауыл қоюдың тиімді тәсілі еді. Табиғат заңдылығын терең түсінген халқымыз әр әрекетінде сақтық пен көрегендікті ұштастыра білген.
Бүгінгі қоғам үшін де бұл – үлкен сабақ. Кене – көзге көрінбейтін қауіп болғанымен, оның салдары өте ауыр болуы мүмкін. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым сақтық шараларын ұмытпауы тиіс. Өйткені өмір – қымбат. Ал оны сақтап қалу – көп жағдайда әркімнің өз қолында.
Г.ЯХИЯ






