ӨМІРІ ӨНЕГЕГЕ ТОЛЫ АЯУЛЫ ЖАН
Адам өмірінің қадір-қасиеті өмір сүрген жылдар санымен емес, тындырған істерінің ауқымдылығымен және құндылығымен бағаланады екен. Осындай саналы ғұмыр кешкен, өмірден өтсе де артына өшпестей із қалдырып, есімін ел-жұрты құрмет тұтқан өңіріміздегі асыл жандардың бірі – Феруза Жүсіпқызы.
Небәрі үш жасында тұл жетім қалған ол, өзгелер секілді анасының аялы алақанын, әкесінің ыстық құшағын сезіне алмады. Балалық балдәурені ашаршылық кезеңіне тұспа-тұс келіп, туыстарынан да пана болмай, жетімдер үйінде тәрбиеленді.
Ол Шиелі ауданының өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан тұлға. Тағдырдың теперішін бір кісідей көрсе де мойымай, қиындыққа қасқайып қарсы тұрған Феруза Жүсіпқызы көзі тірі болғанда 5 желтоқсан күні 95 жасқа толар еді. Алғаш еңбек жолын сонау соғыс жылдары қарсаңында бастаған Феруза апа ұзақ жылдар бойы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облысының бірқатар аудандарында жауапты қызметтер атқарды. Әсіресе, Жалағаш, Шиелі аудандарының партия, кеңес органдарында жұмыс жасап жүрген уақыты өмірінің жарқын белесі еді. Сол уақыттағы идеологияны басқаруды елдің ар-намысын, саясатын қорғау деп түсінетін Феруза Жүсіпқызы жаңашылдығымен ерекшеленді. Оның бастамасымен құрылған «Жас дәурен» ән-би ансамблі республика көлемінде танымал болатын.
Қай істі бастаса да, соңына дейін жеткізбей тынбайтын Феруза апа өзгелерден көмегін аямаған. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дегендей, қанша қайырымдылық жасаса да жариялаудан аулақ еді.
«Жүк ауыры нарға сын, іс ауыры арға сын» демекші, Феруза апа тағдырдың қанша сын сағатына тап болса да адал, ақжарқын, қайратты күйінде қалған. Мұны өзімен бірге жұмыс жасаған жандардың естеліктерінен байқауға болады. Жастайынан жарынан жесір қалғанымен қоймай, сұм ажал оның ұлы мен қызын да жалмады. Сонда да тағдырына налымай, өмірге құштарлығын бәсеңдеткен емес. Себебі, өзіне сенім артқан қаншама халқы, елі мен жері тұрғанда еңсесі түсіп, егілуге қақысы да жоқ еді.
Феруза Жүсіпқызы басшылық қызметте ғана емес, шығармашылықта да өзіндік орны бар жан. Ол «Өскен өңір» газетінде жұмыс жасаған жылдары қоғамдағы көкейкесті мәселелерді, көпшіліктің мұң-мұқтажын дөп басып, қаламның ұшымен халықтың жүрегінен жол тапты. Оның очерктері мен естеліктері, әңгімелері «Өмір назы» атты кітабында жинақталған. Өзі өмірден өткенімен артында мәңгі өлмейтін өнегелі ісі қалған Феруза Жүсіпқызының ел үшін жасаған еңбегі ұмытылмақ емес.
Гүлхан ЯХИЯ.