Ел басқарған аналар
Көктем – табиғаттың ғана емес, адам жүрегінің де жаңаратын шағы. Қыстың қырауы кетіп, даланы жылылық тербеген кезде қазақ жұрты үшін ерекше мейірім мен құрметке толы мереке келеді. Ол – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні. Бұл күн – ананың алақанына тағзым етіп, әйел затының қоғамдағы еңбегін бағалайтын айрықша сәт.Қазақ халқы ежелден әйелді тек отбасының ұйытқысы ғана емес, елдің тірегі деп таныған. «Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен» аналар ел тарихының әр кезеңінде парасатымен, сабырлы мінезімен, даналығымен халыққа жол көрсеткен. Домалақ ана, Айғаным, Бопай ханым сынды тұлғалар – соның жарқын дәлелі.
Заман өзгергенімен, сол асыл дәстүр үзілген жоқ. Тәуелсіздік жылдары елдің қоғамдық өмірінде белсенді қызмет атқарып, туған жерінің өсіп-өркендеуіне үлес қосқан парасатты аналар аз емес. Сыр өңіріндегі тарихы терең Шиелі ауданы да осындай елге еңбегі сіңген ардақты аналарымен мақтана алады.
Сыр бойының қасиетті топырағы – еңбек пен бірліктің, береке мен ынтымақтың мекені. Бұл өңір талай елге қызмет еткен азаматтарды тәрбиелеп шығарған. Солардың қатарында ауылдың тыныс-тіршілігін түзеп, халық сенімін арқалаған ел аналарының орны айрықша. Шиелі ауданы да осындай елге еңбегі сіңген ардақты аналарымен мақтана алады.
Шиелі ауданының Құрметті азаматы, Жөлек ауылының бұрынғы әкімі Назира Парманкұлова – ел басқару ісінде өзіндік қолтаңба қалдырған жанның бірі. Ол қызмет атқарған жылдары ауылдың әлеуметтік өміріне серпін беріп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты маңызды мәселелердің шешілуіне үлес қосты. Басшы үшін ең басты қасиет – халыққа жақын болу десек, Назира апай осы ұстанымды әрдайым басты орынға қойды.
Ал Бидайкөл ауылының әкімі қызметін атқарған Ұлмекен Назарбекова да ел сенімін абыроймен ақтаған аналардың қатарында. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауылдық аймақтар үшін оңай кезең болмағаны белгілі. Сол уақытта елдің тұрмысын түзеп, ауылдың еңсесін көтеру жолында қызмет еткен басшылардың еңбегі ерекше. Ұлмекен Назарбекқызы да сол қиын кезеңдерде ауыл тұрғындарының бірлігі мен ынтымағын сақтап, елдің игілігі үшін аянбай еңбек етті. Оның іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті халықтың ризашылығына бөледі.
Бестам ауылының әкімі болған Қазима Дүрімбет те ел арасында беделі жоғары жанның бірі. Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Қай уақытта да халықпен етене араласып, ауылдың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстардың басында жүрді. Қазима Смайлханқызының іскерлігі, еңбекқорлығы мен парасаттылығы оны ел арасында беделді басшы ретінде танытты.
Ал Ыбырай Жақаев ауылының әкімі қызметін атқарған Әтіркүл Шорабаева ауылдың әлеуметтік дамуына өз үлесін қосып, ел сенімін абыроймен ақтады. Жауапты қызметте жүріп, халықтың сенімін ақтау – үлкен сын. Әтіркүл Дүйсенқызы сол сенімді абыроймен атқарып, елдің алғысына бөленді. Оның өмір жолы – елге адал қызмет етудің, еңбекпен абырой табудың тағылымды үлгісі.
Бұл аналардың барлығы да бір кезеңде ел басқару ісінде жауапты қызмет атқарып, ауылдардың өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосты. Олар – еңбекқорлықтың, табандылықтың және адалдықтың символы іспетті жандар. Бүгінде бұл ардақты аналар зейнеткерлікке шыққанымен, олардың өнегелі өмір жолы кейінгі буын үшін үлкен мектеп болып қала береді. Олар – тек білікті басшы ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне үлгі боларлық парасатты аналар.
Көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз қарсаңында ел дамуына үлес қосқан осындай аналарды дәріптеу – үлкен құрмет. Өйткені олардың өмір жолы – туған жерге адал қызмет етудің, халық сенімін қадірлеудің жарқын көрінісі. Жуырда ғана «Арман» кенттік мәдениет үйінде ел басқарған аналармен «Өнегелі өмір – өрелі қызмет» атты кездесу кеші өткен-ді.
Көктем мерекесінде ардақты аналарымызға зор құрмет білдіріп, оларға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасы амандығын тілейміз. Елге сіңірген еңбектеріңіз – халық жүрегінде мәңгі сақталатын қастерлі мұра.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ







