АНАҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні – шуақты көктем мезгілінің ең ізгі, мейірім мен сүйіспеншілекке толы мерекесі. Бұл айтулы күнді ескерусіз қалдырмаған Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов және орынбасарлары Болатбек Ысмағұлов пен Ерсұлтан Апетов сан-салада еңбек етіп, зейнет жасына шыққан аяулы аналар мен ақ жаулықты әжелердің шаңырағына барып, облыс әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының құттықтауы мен сый-сияпатын тапсырды.
Ең алдымен аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Шиелі ауданына мереке қарсаңында арнайы келген облыстық білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжановпен бірге білім саласының ардагерлері Ұлтай Әуелбекқызы мен Дәмегүл Әлібайқызын және Шиелі ауданының Құрметті азаматы Бибіжан Жәукебаеваның шаңырағына барды. Білім саласының дамуы мен өркендеуіне айрықша үлес қосқан аналардың еңбегі ешқашан ұмытылай, ескерусіз қалмайтынын жеткізді.
Әрі қарай аудан басшысы тыл ардагерлері 97 жастағы «Алтын алқа» иегері Ауаш Еспанова мен 94 жастағы Күлсін Төлегенованы айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қарттарымыз – қазынамыз. Біз әрдайым сіздердің еткен еңбектеріңіз бен ел үшін жасаған қызметтеріңізді естен шығармаймыз. Өмір жолдарыңызды бүгінгі буын мен өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етіп келеміз. Бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, сіздерге зор денсаулық тілейміз, – деді аудан әкімі.
Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов 96 жастағы тыл ардагері Майра Бірімжанованы құттықтап, сый-сияпатын берді. Ал 89 жастағы тыл ардагері, 7 баланың аяулы анасы, «Алтын алқа» иегері жуантөбелік Наужан Бекайдарованың шаңырағына аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Апетов барып, құрмет көрсетті.
Аяулы аналарға қандай құрметімізді білдірсек те артық етпейді. Бала үшін тар құрсағын кеңейтіп, тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, аман-есен жарық өмір сыйлаған анаға біз борыштармыз. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аяулы аналарды аялап, перзенттік борышты өтеу – басты міндетіміз.
М.ИБРАГИМОВ