Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДИХАН ЕҢБЕГІН ДӘРІПТЕГЕН ДАРА ЖОЛ

ДИХАН ЕҢБЕГІН ДӘРІПТЕГЕН ДАРА ЖОЛ

Елдің берекесі – жерінде, жердің берекесі – еңбекте. Қазақ халқы ежелден жердің қадірін біліп, маңдай терімен егін егіп, төрт түлігін түлетіп, елдің ырысын арттырған. Осындай ата кәсіпті заман талабына сай жаңғыртып, еңбекке жаңашылдық пен технологияны ұштастырып жүрген азаматтың бірі – Қуаныш Наурызбаев.
Ол 1980 жылы Қазалы ауданында өмірге келген. Қуаныш Махамбетұлы соңғы төрт жылдан бері Шиелі ауданының төңірегінде күріш егіп, диқаншылық кәсіппен айналысып келеді. Диқан үшін жер жай ғана егістік алқабы емес. Ол – маңдай теріңді төгетін, күннің ыстығына да, табиғаттың тосын мінезіне де төтеп беретін, еңбегіңнің нәтижесін күзде ақ күріш болып қайтаратын қасиетті мекен.

ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫ ЖЕР ЕҢБЕГІНЕ ЕНГІЗГЕН ДИҚАН
Қазіргі заманда ауыл шаруашылығы да жаңа технологиялардан тыс қалмауы керек. Осыны ерте түсінген Қуаныш Махамбетұлы Қызылорда облысында күріш шаруашылығына дрон технологиясын енгізуге алғашқылардың бірі болып бастамашы болды.
Атап айтқанда, күріш тұқымын дрон арқылы себу, егістікке қажетті дәрі-дәрмектер мен күріш дақылының қалыпты өсіп-өнуіне қажетті қоректік заттар мен дәрумендерді беруге тәжірибе жасап, жаңа тәсілдерді қолға алды. Бұл – жай ғана техникалық жаңалық емес. Бұл – уақыт талабын түсінген, еңбек өнімділігін арттыруға, шығынды азайтуға және егінді тиімді баптауға ұмтылған заманауи диқанның ізденісі.

ШИЕЛІНІҢ ШЫРҚАЙ БЕРСІН КӘСІБІ
Қуаныштың Шиелімен байланысы да ерекше. Туған жері Қазалы болғанымен, Атырау қаласында өсіп өнген. Соңғы төрт жылда Шиелі өңірінде егін егіп, осы ауданның топырағынан несібесін тауып келеді. Өз еңбегімен осы өлкенің ақ күрішін өсіріп, ауданның ауыл шаруашылығы саласына өзіндік үлесін қосып жүрген азамат.
Шиелі – Сыр бойындағы диқаншылықтың даңқын асырған қасиетті мекен. Бұл өңірде ақ күріштің әр масағының артында талай адамның маңдай тері жатыр. Осы өлкеде аты аңызға айналған еңбек адамдары, Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жақаев пен Закира Ержанованың еңбек дастаны бар. Ал Қуаныш Махамбетұлы сол еңбек дәстүрін жаңа заманның мүмкіндіктерімен сабақтастыра білген жан.

ТАРИХҚА ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ
Қуаныш Махамбетұлының азаматтық болмысы тек егін алқабындағы еңбегімен ғана шектелмейді. 2026 жылы Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейінің бастамасымен Шиелі ауданының тарихы мен дала дарабоздарын кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынды. Солардың бірі – Шиелі ауданына еңбегі сіңген Социалистік Еңбек Ерлері Ыбырай Жахаев пен Закира Ержанованың мүсіндік экспонатын, сондай-ақ қазақ жылқысының әбзелдерімен бірге жасалған мүсінін музей қорына енгізу бастамасы. Осы игі іске Қуаныш Махамбетұлы толық демеу көрсетіп, қаржылай және ұйымдастырушылық тұрғыда қолдау білдірді. Бұл – ерекше атап өтерлік азаматтық іс. Өйткені музейге жасалған қолдау – бір ғана экспонатты жасауға көмектесу емес. Бұл – тарихқа, елге, еңбек адамдарына деген құрмет.
Ыбырай Жақаев пен Закира Ержанованың есімі – Сыр өңірінің ғана емес, бүкіл қазақ диқаншылығының тарихында алтын әріппен жазылған . Олардың өнегесін ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Ал сол тарихи тұлғалардың бейнесін кейінгі ұрпаққа жеткізетін музей жұмысына қолдау көрсету – ел тарихын сақтауға қосылған нақты үлес.
Қуаныштың бұл азаматтық бастамасы оның өзінің кәсіби жолымен де үндеседі. Дала академигі дән сепкен далада ырыс бар. Осыны түсінген кейіпкеріміз де күріш егіп, ырысын еселемек. Ал музей төрінде бейнесі жаңғыртылатын Ыбырай Жақаев пен Закира Ержанова да ғұмырын Сырдың жеріне, күрішіне, елдің несібесіне арнаған еңбек адамдары. Яғни кеше мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір – диқан еңбегі.
Жомарт жерден ризығын терген диқан қауымының еңбегі еселі. Ала жаздай кетпенін күнге сүйдіріп, маңдайын желге сүйдіріп егінін баптайды. Қамбасын ақ күрішке толтырып, өнімін өзіміздің өндіріске шығарады. Осыншама жұмыстың астарында толассыз еңбек жатқаны даусыз. Қуаныштың дрон технологиясын ауыл шаруашылығына енгізуге ұмтылысы – оның жаңашылдығын көрсетсе, музейдің тарихи жобасына қолдау білдіруі – оның азаматтық ұстанымын аңғартады. Бұл – кейінгі ұрпаққа берер үлкен өнеге.
Музейдің бастамасына қолдау көрсетіп, Еңбек Ерлерінің мүсіндік бейнелерін қайта жаңғырту да жеңіл іс емес. Оған ұлттық құндылығымыз – қазақ жылқысының әбзелдерімен бірге жасалған мүсінін қосыңыз. Игілікті істі кез-келген адам жасай алмайды. Ол үшін тарихты білу, еңбегін сүю керек.
Қуаныш Махамбетұлының бүгінгі еңбегі – жердің ырысын арттырса, жасаған азаматтық қолдауы – елдің рухани қазынасын толықтыруға қызмет етеді. Сондықтан Қуаныштың Шиелі топырағында атқарып жүрген еңбегін ескерусіз қалдырғанды жөн көрмедік. Қазақ халқы «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп бекер айтпаған болар.

Бауыржан Шығанбаев,
«Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалының директоры
07 қыркүйек 2026 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№67 (9434).

05 қыркүйек 2026 ж.

№66 (9433).

01 қыркүйек 2026 ж.

№65 (9432)

29 тамыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930