КҮЗГІ САЛҚЫНҒА ДЕНСАУЛЫҚ ДАЙЫН БА?
Таңертең есіктен шыға бергенде бетке тиген салқын леп бірден сезіледі. Кеше ғана жеңіл киіммен жүрген едік, бүгін иыққа күрте ілгіміз келеді. Таңғы ауада жаздағыдай жылылық жоқ. Күннің көзі көрінгенімен, оның қызуы да бұрынғыдай емес. Адамның өзі де күздің келгенін осындай ұсақ өзгерістерден сезеді. «Күз келіп қалыпты-ау» деп ойлайсың.Табиғат жаңа маусымға осылай біртіндеп бейімделіп жатқанда, адам ағзасы да ауа райының өзгерісін сезінеді. Жылы күннен салқын күнге ауысу, күннің қысқаруы, жауын-шашынның жиілеуі күнделікті тіршілік ырғағына әсер етуі мүмкін. Сондықтан күздің алғашқы күндерінен бастап денсаулыққа көңіл бөлген артық емес.
Ең алдымен, ауа райына сай киіну маңызды. Күздің мінезі құбылмалы: таңертең салқын, түсте жылы, кешке қайтадан салқын болуы мүмкін. Сондықтан киімді қабаттап кию ыңғайлы. Бұл денені қызып кетуден де, тоңып қалудан да сақтануға көмектеседі.
Күзде дастарқанға да назар аударған жөн. Бұл – табиғаттың жеміс пен көкөніске бай шағы. Алма, алмұрт, асқабақ, сәбіз, қырыққабат секілді маусымдық өнімдерді күнделікті ас мәзіріне қосып, тамақтануды әртүрлі еткен пайдалы. Дұрыс әрі теңгерімді тамақтану ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне қажет қоректік заттарды алуға көмектеседі.
Салқын түсті екен деп қозғалысты да тоқтатудың қажеті жоқ. Керісінше, мүмкіндік болса, таза ауада серуендеп, күнделікті дене белсенділігін сақтаған дұрыс. Күзгі саябақта серуендеу – денеге де, көңілге де жақсы әсер беретін қарапайым әдет.
Ұйқыға да мән берген жөн. Күннің қысқаруы күн тәртібімізге әсер етеді. Сол себептен ұйқы уақытын реттеп, ағзаға жеткілікті демалыс берген пайдалы. Әсіресе оқу жылы басталған балалар мен жасөспірімдер үшін тұрақты ұйқы режимі маңызды.
Ал күзгі салқынмен бірге тұмау және басқа да тыныс жолы инфекцияларының маусымы да жақындайды. Қолды сабынмен жиі жуу, бөлмені желдету, ауырған адаммен жақын қарым-қатынасты шектеу сияқты қарапайым әдеттердің маңызы арта түседі. Егер денсаулыққа қатысты қандай да бір белгі мазаласа немесе жағдай нашарласа, өздігінен емделмей, медицина маманына жүгінген дұрыс.
Күз бізге табиғаттың өзгеретінін көрсетеді. Ағаш жапырағын түсіреді, құстар жылы жаққа көшеді, жануарлар қысқа дайындалады. Адам да осы маусымдық өзгеріске өз денсаулығын күте отырып бейімделеді. Ендеше, қыркүйектің салқын самалы сезілген сәттен бастап өзімізге де назар аударайық. Жылы киінейік, дұрыс тамақтанайық, жеткілікті ұйықтайық, қозғалысты ұмытпайық.
Өйткені күзгі салқынға табиғат дайындалып қойған. Ал біздің денсаулығымыз дайын ба?
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ







