СУЫҚ КҮНДЕ ЖЫЛЫ КЕҢЕС

Динара Жәрдемханның айтуынша, қазан айында ауа райы құбылып, күн суыта бастағанда вирустардың белсенділігі күрт артады. Бұл кезеңде адам ағзасының иммунитеті әлсіреп, вирустарға қарсы тұруы қиындайды. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар, балабақшадағы бүлдіршіндер және адамдар көп жиналатын ортада жұмыс істейтін тұрғындар жиі шалдығады. – Тұмау мен суық тию – жай ғана уақытша дерт деп қарауға болмайды. Аурудың алғашқы белгілерін елемеу өкпе, жүрек, бүйрек секілді маңызды ағзаларға кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан алдын алу – ең дұрыс шешім, – дейді ол. Күзгі маусымда есте сақтайтын басты ережелер бар. Қолыңызды күніне кемінде 5-6 рет сабындап жуыңыз. Қарапайым қол жуу — вирустың таралуын 70%-ға дейін азайтады. Сырттан келген соң міндетті түрде бет пен мұрынды жылы сумен шайыңыз, бұл вирустарды жоюға көмектеседі. Науқас адаммен тікелей байланыстан қашық болыңыз. Егер үйде біреу ауырып қалса, оның ыдысы, сүлгісі және төсекжаймалары бөлек болуы тиіс. Үйіңізді күніне кемінде 2-3 рет, әр жолы 10-15 минут желдетіп отырыңыз. Бұл үй ішіндегі ауаны жаңартып, вирустардың жиналуына жол бермейді. Динара ханым әсіресе отбасында бір адам ауырғанда барынша сақтық шараларын күшейту керегін айтады: – Егер отбасы мүшелерінің бірі сырқаттанса, барлығы бетперде тағуы маңызды. Бұл – тек науқастың ғана емес, отбасыдағы өзге адамдардың да қауіпсіздігі үшін қажет. Кейде адамдар ыдысты ортақ пайдаланудан қашпайды. Ал бұл – вирустың ең тез таралатын жолдарының бірі, – деп түсіндірді. Күз – табиғат қана емес, біздің ағзамыз үшін де үлкен сынақ уақыты. Таңғы салқын, түскі жылы, кешкі ызғар – бәрі денемізді әлсіретіп, вирустарға жол ашады. Ауруға қарсы басты қаруымыз – иммунитет. Ал оны нығайтудың ең тиімді жолы – күнделікті дастарқанға пайдалы, дәруменге бай тағамдарды қосу. Дәрігерлердің айтуынша, күзгі мезгілде денені қорғау үшін ағзаға ең алдымен А және С дәрумендері қажет. Бұл дәрумендер суық тию мен тұмауға қарсы қалқан секілді. Күзгі ас мәзіріндегі қызылша, сәбіз, асқабақ – күздің нағыз сыйлығы. Бұл көкөністер ағзаны А дәруменімен қамтамасыз етеді. А дәрумені – көздің, терінің және иммундық жүйенің қорғанысы. Мысалы: асқабақтан пюре жасап, сәбізден жаңа сығылған шырын ішсеңіз – иммунитетіңізге табиғи қуат береді. Ал лимон, итмұрын, алма – С дәруменінің қоймасы. Күзгі суықта ағзаны жылытып, суық тиюдің алдын алады. Итмұрыннан қайнатпа жасап, таңертең және кешке бір шыны ішкен жөн. Алма – күнделікті жеңіл әрі пайдалы тіскебасар. Бал мен жаңғақ – табиғаттың табиғи дәрісі. Бір шай қасық балды жылы суға ерітіп ішсеңіз, бойыңызға жылу тарағандай болады. Ал жаңғақ – мидың да, жүректің де тамағы. Бал мен жаңғақты бірге жесе – шаршауды басып, күш-қуат береді. Сүйек сорпасы да – күздің суығында ең жақсы тағам. Қарапайым сорпа ғана емес, ағзаны тез қалпына келтіретін табиғи ем. Оның құрамындағы минералдар сүйектер мен буындарға пайдалы, суықта денені жылытып қана қоймай, аурудан кейінгі әлсіздікті де жояды. Күз – табиғаттың бояуы құбылып, алтын жапырақтар жерге төгілер мезгіл. Бірақ бұл тек сұлулық емес, сонымен қатар денсаулық та сынаққа түсетінін жоғарыда жаздық. Күннің құбылмалы мінезі, таңғы салқын мен кешкі ызғар ағзаны әлсіретіп, ауруға жол ашады. Аурудың алдын алу – оны емдеуден әлдеқайда жеңіл. Денсаулығыңызды күзгі суықтан қорғаудың «алтын ережесін» есте сақтаңыз: Әуелі жылы киім – қалқан. Киімді қабаттап киіңіз. Денені суыққа бермеңіз, әсіресе аяқ пен бас әрдайым жылы болсын. Ал дұрыс тамақ – күш-қуат. Көкөніс, жемісжидек, бал мен жаңғақты дастарқаныңыздан үзбеңіз. Бұл – иммунитеттің табиғи серігі. Демалыс – дененің дәрісі. Толыққанды ұйқы мен уақтылы тексеру сізді көптеген дерттен сақтайды. Денсаулығыңыз – өзіңізге ғана емес, бала-шағаңыздың күлкісі мен отбасыңыздың бақыты. Өзіңізді қорғаңыз, күздің салқынына мойымай, өміріңізді жылы сезімдермен толықтырыңыз. Есіңізде болсын, ең құнды қазына – мықты денсаулық!
С.МАДИЯРОВА