Құрбым жайлы үзік сыр...
Кей адамдардың ғұмыры – бір әулеттің шежіресі, бір шаңырақтың тарихы ғана емес, тұтас бір дәуірдің тыныс-тіршілігін танытатын тағылымды өмірбаян болады. Сондай өнегелі ғұмыр иесінің бірі – Күлдана Әбдіқызы.Күлдана 1946 жылдың 2 тамызында Ташкент облысы, Бөке ауданындағы Көкарал ауылында дүниеге келген. Әкесі – Әбді, анасы – Бақтыгүл. Күлдана дүниеге келгенде әкесінің апасы Баянкүл апаның да қуанышында шек болмаған. Өйткені ол жеті жылдан кейін дүниеге келген інісі Махмұтханға дейінгі әулеттің көз қуанышы, ерке қызы еді.
Артынан Ұлдана 1957 жылы, Махсұтхан 1960 жылы дүниеге келіп, отбасының қызығы мен берекесі арта түсті. Алайда тағдырдың жазуы басқа еді. 1961 жылдың наурызында анасы Бақтыгүл науқастанып, өмірден өтті. Қара шаңырақтың отын өшірмей, артында қалған балаларын уайымдаған әкесі Әбді де қайғыдан қажып, 1963 жылы дүние салды.
Бір үйдің шамшырағы болған әке-шешеден айырылған кезде Күлдана небәрі бойжетіп келе жатқан өрімдей қыз еді. Бірақ тағдыр оны ерте есейтті. Балалықтың бал дәуренімен қоштасып, отбасының үлкеніне тән жауапкершілікті арқалады. Сол күннен бастап оның өміріндегі «мен» деген ұғымның орнын «біз» деген ұғым басты. Әкесі Әбдінің апасы Баянкүл апа мен Күлдананың иығына енді төрт баланың тағдыры түсті. Баянкүл апа балаларға әке де, ана да болуға тырысса, Күлдана өзінің балалығын бауырларының болашағына айырбастады. Бұл – жас бойжеткеннің жүрегіндегі үнсіз ерліктің бір көрінісі еді.
Күлдана 1958 жылы ағайындарымен бірге Шиелі өңіріне көшіп келеді. Ауылда орта мектеп болмағандықтан, аудан орталығындағы №47 М.В.Ломоносов атындағы орта мектепте білім алып, 1962 жылы тәмамдайды. Жастайынан алғырлығымен, еңбекке бейімділігімен көзге түскен Күлдана ауыл өміріне ерте араласты. Сол кездегі колхоз басшысы, көршілері Әзімхан Исмайыловтың қолдауымен ауыл кітапханасына кітапханашы болып жұмысқа орналасады. Кітапхана – оның өміріндегі ерекше бір әлем болды. Кітаптың иісі мен парақтың сыбдырына қаныққан ол рухани дүниесін байытып қана қоймай, ауыл адамдарының да кітапқа деген ықыласын арттыруға атсалысты.
Сырғаның сыңарындай болған құрбым Күлдананың көркі ақылына сай еді. Қазақтың ибалы қызына тән қылық, биязылық пен байыптылық оның болмысынан байқалатын. Үнемі сабырлы қалпын сақтап, асықпай, ойланып сөйлейтін. Дауыс мәнері де бөлек болатын. Ән салғанда жанға жайлы қоңыр үні жүректі шымырлатып, тыңдаған адамның көңілін әлдилейтін. Оның сұлулығы сыртқы ажарымен ғана өлшенген жоқ. Нағыз сұлулық – адамның мінезінде, мейірімінде, жүрегінде болса, Күлдана бойындағы сол қасиеттердің бәрін жарастыра білген жан еді.
Ал оның анасы Бақтыгүл де елге еңбекқорлығымен танылған қайсар әйел болған. Бет біткеннің сұлуы, ажары мен айбыны қатар жарасқан Бақтыгүл қара жердің қыртысын аударып, күріштің бейнетін ер-азаматтармен қатар көтерген. Қайратына қарасаң – ерге бергісіз, жүрегіне қарасаң – балаға мейірімі мол ана. Күрішшілікте бәйгенің алдын бермеген Бақтыгүлдің өмірі өкінішке қарай қысқа болды. Бірақ оның еңбекқорлығы, қайсарлығы, балаға деген мейірімі Күлдананың бойына анадан қалған аманаттай сіңді. Сондықтан Күлдананың кейінгі өмірінен анасының бейнесін көру қиын емес. Ол өзінен кейінгі бауырларын «жеткізейін, кем қылмайын» деп, бар жастық өмірін солардың жолына арнады. Жеке басының қызығын кейінге ысырып, бауырларының болашағын бірінші орынға қойды. Тұрмысқа да кеш шықты. Қазақ әйелінің ұлылығын кейде үлкен сөзден емес, осындай үнсіз құрбандықтан танимыз. Күлдана өз бақытына бауырларының бақыты арқылы жеткен жан еді.
1973 жылы сол кездегі 30 жылдық, қазіргі Балаби ауылына Асанға тұрмысқа шығады. Жолдасы Асан агроном болып қызмет атқарды. Отбасында төрт қыз, бір ұл дүниеге келіп, шаңырақтың шаттығы еселенді. Ана болған Күлдана енді балаларының болашағын ойлады. Өзі білімге құштар, ізденімпаз жан болғандықтан, жұмыс істей жүріп Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Бұл – оның табандылығы мен өмірге деген құштарлығының тағы бір айғағы. Өмірдің ауырлығына мойымай, отбасының шаруасын дөңгелетіп, бала тәрбиесін қатар алып жүру – кез келген әйелдің қолынан келе бермейтін үлкен жауапкершілік. Күлдана үшін отбасы – ең қасиетті мекен, бала – жүрегінің бөлшегі болды.
Ол балаларының бәріне жоғары білім алуға жағдай жасады. Үлкен қызы Гүлназ Павлодар педагогикалық институтын бітіріп, мұғалімдік қызмет атқарды. Оның ұлы Нұржан да Павлодарда колледж тәмамдады. Айнұр, Гүлнұр, Қарлығаштары Қызылордадағы Қорқыт ата атындағы оқу орнын бітіріп, таңдаған мамандықтары бойынша еңбек етті. Кешегі бауырлары үшін өз өмірін арнаған Күлдана енді өз балаларының қанатын қатайтты.
Өмірдің ең үлкен сыйы – балаңның жетістігін көру болса, Күлдана сол бақытқа да жетті. Балаларының әрқайсысының өз шаңырағын көтеріп, ел қатарлы еңбек етіп, өмірден өз орнын тапқанын көрді. Немере сүйді. Балаларының қуанышына қуанып, олардың әрбір жетістігін өз жетістігіндей қабылдады.
Оның өмір жолына қарасақ, қазақ әйелінің бірнеше бейнесін бір адамның бойынан көреміз. Ол – бауырын қанатының астына алған әпке, қара шаңырақтың отын өшірмеген келін, отбасының ұйытқысы болған жар. Сонымен қатар баласының болашағы үшін барын салған ана, немересінің маңдайынан сипаған әже болды. Ең бастысы – тағдырдың ауыр сынақтарына қарамастан, адамдық қалпын жоғалтпаған қазақ әйелінің жарқын үлгі бола білді.
Күлдананың өмірінде жеңіл жол болған жоқ. Жетімдіктің ащы дәмін ерте татты. Бала күнінен жауапкершілік арқалады. Жастық шағының талай қызығын бауырларының қамы үшін құрбан етті. Бірақ соған қарамастан қабағына мұң ұялатпай, сабырын серік етті. Сабыр – оның сауытындай, мейірім – оның шуағындай, еңбек – оның өмірлік серігіндей болды. Қазақ әйелінің табиғатында ерекше бір қасиет бар: ол өзі шаршаса да, өзгеге сүйеу болады; өзі жыласа да, баласына күлкі сыйлайды; өзіне тиесілі қуанышты кейінге қалдырып, ұрпағының бақытына қызмет етеді. Күлдананың бүкіл ғұмыры осы қасиеттің жарқын көрінісі еді.
2023 жылдың 29 қазанында Күлдана Әбдіқызы дүниеден өтті. Бірақ жақсы адамның ғұмыры ақтық деммен аяқталмайды. Оның ғұмыры – артында қалған ұрпағының жүрегінде, балаларының тәрбиесінде, немерелерінің бойындағы ізгі қасиеттерде жалғасады. Ол өмірден өзіне көп нәрсе сұрамады. Бар тілегі – бауырларының амандығы, балаларының бақыты, шаңырағының берекесі болды. Мүмкін, әйелдің ұлылығы да осында шығар. Өзіне бұйырған ғұмырды өзгелердің бақытына айналдыра білуінде. Күлдана сондай ғұмыр кешті. Артында ұрпағы, өнегесі, айтылар әңгімесі, сағынышпен еске алар жақындары қалды.
Кеше ғана ауылдың қарапайым кітапханасында кітап парақтап отырған қазақтың қарапайым қызы еді. Бүгінде сол қарапайым қыздың өмір жолы – бір әулетке өнеге, кейінгі ұрпаққа тағылымға айналды. Күлдананың ғұмыры – үнсіз жазылған үлкен дастан. Ал сол дастанның ең көркем жолы – оның адамға деген мейірімі мен туғандарына деген адалдығы еді.
А.Әбдіхамитқызы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
Қазақстан журналистер одағының мүшесі





