Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАР ӘУЛЕТІ

Отбасы – адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. «Дәулет – есіктен, ақыл – бесіктен» демекші, тәрбие отбасынан бастау алады. Отбасының екі тірегі – әлпештеген әке мен аялаған ана. Осындай ынтымағы жарасқан үлгілі отбасылардың бірі – Рақышевтар әулеті. Бүгінгі кейіпкерлеріміз ұстаздық жолда өмірлері тоғысқан жандар.  Құтты шаңырақтың отағасы – Алдаберген Рақышев. Ол 1948 жылы 9 желтоқсанда қазіргі Коммунизм колхозында, Бестам ауылында дүниеге келген. Мектепті аяқтаған соң 1966 жылы Қызылорда қаласындағы «Гоголь атындағы педагогикалық-институтының» жаратылыстану факультетін, кейіннен совхоз техникумын зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады. Алғашқы еңбек жолы №156 Н.Бекежанов қазақ орта мектебінде басталады. Әрмен қарай 1975-1978 жылдары мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейді. Ол кісінің жары Сәрсенкүл Мусиева Сырдарияның оң жағалауы, Көкжиде деген жерде туған. 1970 жылы отбасын құрған қос ұстаздың басты мақсаты – жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, тұлға қалыптастыру болды. Армандары орындалып, екеуі мамандықтары бойынша ұзақ жыл қызмет етті. Жүздеген ұрпақты тәрбиелеп, қанаттандырды. Өмір жолдары өнегелі өрілген ұлағатты ұстаздар 3 ұл, 2 қызды дүниеге әкеліп, перзенттері осы қасиетті қара шаңырақта өсіп-өніп, барлығы бір-бір үйдің иесі, ұйытқысы болып отыр. Балалары мен немерелері білім жолынан алыс емес. Атап айтар болсақ, қызы Бақтыгүл Рақышева 25 жылдан бері №156 қазақ орта мектебінде, ұлы Дархан Рақышев пен келіні Майра Рақышева болса, №46 А.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде ұстаздық қызметте. Кейіпкерлеріміздің ұлдары Бақыт және Бауыржан Алдабергенұлы, қыздары Ақмарал Рақышевалар да түрлі салада еңбек етіп келеді. Бұл отбасының бір жетістігі 2023 жылы республикалық «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық конкурста III орын иеленіп, үлкен сый-құрметке бөленген. Ата-бабадан келе жатқан дәстүр мен ұлт құндылығын бойға сіңіріп, даналар салып кеткен білім шыңына шығып, елдің ертеңін кемел етер жас буынды тәрбиелеу жолында бар уақытын, өмірін сарп етіп, көз майын тауысқанша ізденіп, біілм жолында қызмет етіп жүрген бүтіндей бір әулеттің ізгі дәстүрі, өнегелі өмір жолы көпке үлгі боларлық дүние. Әулет тарихы – ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісі.

Айнұр ИБРАШЕВА
15 мамыр 2025 ж. 40 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№35 (9302)

12 мамыр 2025 ж.

№34 (9301)

10 мамыр 2025 ж.

№33 (9300)

06 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031