Жақсының аты өлмейді

Ұрпаққа білім беру жолын бар ғұмырын сарп еткен Рабихан Иманбердіқызы 1951 жылы 15 қазанда Қызылорда облысы Шиелі кентінде дүниеге келген. 1958-1968 жылы жылдары «Октябрьдің ХIV жылдығы» атындағы №45 қазақ орта мектебінде оқып, еңбек жолын 1968 жылы аудандық балалар кітапханасында кітапханашы болып бастаған. 1969-1973 жылдары Қызылорда қаласындағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институтының «Шет тілдері» факультетінде оқып, ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіріп шықты.
Ұстаздық бағытындағы алғашқы еңбек жолын 1973-1976 жылдары №49 «Авангард», 148 «Гигант» орта мектептерінде ағылшын тілі пәні мұғалімі болып бастаған. Ал 1976-2003 жылдары М.Ломоносов атындағы №47 орта мектбінде үздіксіз шәкіртке білім беру жолында аянбай еңбек етті. Сонымен қатар, осы еңбек еткен жылдары мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологы болып жұмыс істеді.
Мұғалім мен оқушылар арасындағы педагогикалық ынтымақтастықты қалыптастыру арқылы өз жұмыстарын шығармашылық ізденіске ұштастыра отырып, мұғалімдердің кәсіби шеберлігін көтеру ісінде жинақталған озат іс-тәжірибесі зерттелді. Нәтижесінде 1991 жылы жинақ кітап ретінде басылып шығып, аудан мектептеріне таратылды.
Білім беру саласында қосқан ерекше еңбегі үшін аудандық, облыстық білім бөлімдерінің Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталған. Сондай-ақ Қазақстан Республика Білім және Ғылым министрлігінің Құрмет грамотасының иегері атанған. Өзінің педагогтік кәсіби шеберлігі, жұмысқа деген қабілеті, ынтасы мен жауаптылық танытқан ұстаздың бейнесі бүгінгі ұрпақ жадында сақталып, үлгі болып келеді.
Желтоқсан айының 19 жұлдызында Шиелі кентінде орналасқан №47 мектебінде ұлғатты ұстаз Рабихан Иманбердіқызын еске алуға арналған волейболдан білім қызметкерлері арасында аудандық турнир өтті. Спорттық доданы аудандық мәслихат төрағасы Мұрат Тұрабаев, «Аманат» партияссы, Шиелі аудандық филиалының төрағасы Болат Мүбаракұлы ашып беріп, Рабихан апайдың бауырлары естеліктерімен бөлісті.
Білім қызметкерлері бақ сынаған аудандық турнирге 9 команда қатысып, тартысқа толы ойын өрнегін көрсетті. Жарыстың қорытындысы бойынша жүлделі І орынды №47 мектебінің білім қызметкерлері иеленді. Ал аудандық турнирде ІІ орынды №214 мектеп ұжымы қанжығаласа, №219 мектеп қызметкерлері жарыстың ІІІ орынын місе тұтты. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.
Мейіржан ИБРАГИМОВ