Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы
Ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама мың сан мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі. Осы ізгі мамандықтың атына қылаудай кір келтірмей, денсаулығы сыр бергенше өзі таңдаған саласына адал қызмет етіп, талай шәкірттің бағын ашқан ұлағатты ұстаз туралы (анам туралы) жүректен шыққан лебізіммен бөліскім келіп отыр.
Мамыр айы мерекелерге толы кезең. Әсіресе, 25 мамырды әрбір баланың, ата-аналардың, әсіресе ұстаздардың күтетіні анық. Қоңырау сыңғырын ардагер - ұстаздар ерекше сағынышпен күтеді. Бірақ, біздің анамыздың осы бір керемет сәтті көрмегеніне, қоңырау үнін естімегеніне, немерелерінің қуаныштан бал-бұл жайнап, марапат алып келген сәтінде тәтті қуаныштарына куә болмағанына биыл 10 жыл болыпты...
Мамыр айы мерекелерге толы кезең. Әсіресе, 25 мамырды әрбір баланың, ата-аналардың, әсіресе ұстаздардың күтетіні анық. Қоңырау сыңғырын ардагер - ұстаздар ерекше сағынышпен күтеді. Бірақ, біздің анамыздың осы бір керемет сәтті көрмегеніне, қоңырау үнін естімегеніне, немерелерінің қуаныштан бал-бұл жайнап, марапат алып келген сәтінде тәтті қуаныштарына куә болмағанына биыл 10 жыл болыпты...
Анамыз Әбдіқадырова Дариха №21 бекетте №243 негізгі орталау мектебінде 30 жылдан аса математика пәнінен сабақ берген, ұрпақ тәрбиелеуде өзіндік үлес қосқан ардақты ұстаз. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару кез келгеннің қолынан келе бермейді.
Адамзат баласының ғұмыры қысқа болғанымен, артында өнегелі істер қалдырып, белгілі бір саланы мықты меңгеріп, өзі өмірден өтсе де, еңбегі мен қызметі, айналасындағы адамдарға жасаған жақсылықтары мен жанына жақын тарта білетін жылылығы естен кетпейтін адамдар бар. Анамыз өзінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен, сөйлеу шеберлігімен, турашылдығымен, шынайылығымен, дауыс ырғағымен тек шәкірттеріне ғана емес, әріптестеріне, жас ұстаздарға, тіпті ауылдағы барша әйел-аналарға үлгі болды. «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деп ұлы Абай айтқандай, қаншама шәкірттері анамыздан алған тәрбиесі мен өнегесін өмірлеріне азық етті. Абай атамыздың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек», – деген ұлағатты сөзін анамыз өміріне ұстаным қылған сияқты. Себебі, ол кісі - ақыл-парасаттың, үлкен ұстамдылықтың, асқан мейірімділіктің, биік адамгершілік көзқарастың иесі.
Ол барды ұқсатып, жоққа жасымайтын, еңбекқор, жаны iзгi, өтірікті жаны сүймейтін, өте парасатты жан еді. Салмақты, салиқалы сөзімен барлығын баурап алатын, аналық ақ қасиетімен қашанда жылы шуағын шаша білетін ерекше адам болатын.
«Әйел-ана бір қолымен бала тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген ұлы жазушы М. Әуезовтің ұлағатты сөзі, әсіресе, ұстаз аналарға арналғандай. Себебі, олар шәкірттерімен бірге өз отбасындағы ұрпағының да тәрбиесін қатар алып жүреді. Бұл – үлкен жауапкершілік! Әрбір жанұяның өзіне тән тәлім-тәрбиесі, өнегесі, алға қойған мақсат-мұраттары, арман-асқарлары болады. Мен де жолдасымның отбасына келін болып, босаға аттағанымда сол үйдің ерекшелігін, адамдарының мінез-құлқын түсініп, терең меңгерем дегенше анамның қолдауы өте зор болды. Сол үшін де алғысым шексіз! «Сыйлай білсең сыйысасың іні боп, Кінәласаң әкеңнің де міні көп» деп ақын Имашқан Байбатырұлы айтқандай, маған ыстық ықылас танытып, аналық мейіріммен табалдырық аттаған күннен бастап, жанашырлықпен қамқорлық жасап, білмегенімді білгізіп, әр нәрсенің мән-жайын түсіндіріп, алға жетелеп отыратын. Халқымызда «Көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» дейді. Тіпті, көрші апалар, жас келіндер, абысын – ажындары анамыздан отбасылық жағдайларына да байланысты ақыл-кеңес сұрап келетінін байқайтынмын. Отбасында үнемі тазалық, тәртіп, ар-ұят, сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге мейірім, қажет екендігін үнемі айтып отыратын. Өмірінің соңғы жылдарында денсаулығы сыр беріп, ауырып жүрсе де, өмірге деген құлшынысы керемет болды. Ешқашан мойымай, күйзеліске түспей, өмірді сүйе білді.
Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем,
Мен өзінді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем...! – деп, Төлеген ақынның өлең жолдарында айтылғандай, бізге бар жылуын сыйлаған анамыздың аялы алақаны ұмытылмайды.
Аналарымызды бар кезінде бағалайық, сыйлайық, қастерлейік, құрметтейік!
Гүлшат Рысқалиқызы,
келіні
келіні