Балалардың бағбаны
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2022 жылға «Балалар жылы» деп айдар тақты. Бұл жылда балалардың білімі, денсаулығы, зор мүмкіндіктері еселене түспек. Ал өскелең ұрпақты биік мақсаттарға жетелеу, өз бойында бүкіл азаматтық құндылықтарды жинақтаған, өз өміріне өзі басшылық жасап, өзін-өзі дамытатын тұлға қалыптастыру – бүгінгі мектептің негізгі міндеті. Осы міндетті іске асыру тетігі ұстаздар қауымына байланысты. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, ұстаздар қауымы болашақ ұрпақтың білімі мен тәрбиесіне жауапты мамандар.
Ұстаздық – адамзат өркениетінде қаншама сан мың мамандықтың ішіндегі ең ізгісі, құрметтісі. Осы ізгі мамандықтың атына қылаудай кір келтірмей, 40 жылға жуық өзі таңдаған саласына адал қызмет етіп, оның шыңын бағындырған, талай шәкірттің бағын ашқан ұлағатты ұстаз – Алтыншаш Сейділдаева. Білім негізі – бастауышта қаланады. Себебі ең алғаш әріп танытып, қолға қалам ұстауды үйретуде алғашқы ұстаздың еңбегі ерек. Бидайкөл ауылындағы №148 мектепте ұстаздық ететін А.Сейділдаеваны шәкірттері де, ата-аналар да ерекше ықыласпен сөз етеді.

– Ұстаз ұғымы – ұлттың ұстыны мен ұжданы. Тіпті, мұғалімдерді мемлекеттің жүрегі десек те жарасар. Олай дейтін себебіміз, елдің ертеңі мен еркіндігі саналатын келешек ұл-қыздарға алғаш әріп танытып, адам бойында болатын кісілік қасиетке кілт табатын да осы ұстаздар. Ағартушының алдын көрмегеннің адамгершілігі де арзандау тұрады. Бұрынғы қазақ салтына сай менде егіз қыздарымды «еті сенікі, сүйегі менікі» деп білікті бағбанға бір сөзбен аманаттаған болатынмын. Биыл балаларымыз бастауыш сыныпты да аяқтамақ. Даярлық сыныптан бастап 5 жыл біліммен сусындатқан Алтыншаш апай өте білімді, балалардың тілін таба білетін мақтаулы маман иесі. Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстазды жас мамандарға үлгі етуге болады, – дейді ата-аналар кеңесінің төрайымы Перизат Мұсаева
Ал мектеп директоры Орынкүл Шорабаева «Расында, Алтыншаш Сейділдаеваның сыныбы іс-шарада белсенді, оқуда озат. 4 мамыр күні оқушылар Ббжм тапсырған болатын. Алтыншаштың шәкірттері 3-тік баға алған жоқ. Қ.Айдарбек, Ж.Барлыбаева, І.Барлыбаева, Н.Барлыбаева, М.Тұрсынхан, Б.Жолдасбек, Е.Серік, М.Жүзбаева, М.Файзулаев, Қ.Әділбаев, С.Мейрамбек 5-тік бағаға тапсырды. Осыдан-ақ ұстаздың білім-білігін аңғаруға болады» дейді.
«Жақсы мұраптың артынан су ереді, жақсы ұстаздың соңынан шәкірт ереді» дегендей, Алтыншаш апай жетекшілік еткен оқушылар жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда топ жарып, әрдайым көш басынан көрініп жүр. Сондай-ақ 37 жыл тәжірибесі бар ұстаздың осы күнге дейін 48 шәкірті білім ұясын үздікке бітіріп шыққан. 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» төсбелгісін иеленді. Бұл ұстаз үшін еселі еңбектің жемісі, мәртебенің төресі.
Г.ӘБДІХАНИҚЫЗЫ