Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрмет төріндегі ұстаз

Құрмет төріндегі ұстаз

Қазақ мектебінің болашағы туралы М.Жұмабаев «Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» деп айтып кеткендей, елдің тарихи, мәдени, рухани болмысын дамытуда, ұлттық мектепті қалыптастыруда ұстаздың еңбегі зор. Әрбір ұлы тұлғаның өзі ұстаз алдында бас иеді. Саналы ғұмырын мұғалімдікке арнап, өмірін бала тәрбиесімен тығыз байланыстырған ұстаздар жетерлік. Осындай ұлағатты ұстаздың бірі – ­Алтыншаш Сейділдаева жақында құрмет төрінен көрінді.
Саналы ғұмырын шәкірт тәрбилеуге арнаған ­Алтыншаш Сейділдаева апайымыз бүгінде Бидайкөл ауылындағы №148 мектепте ұстаздық қызметті абыроймен атқарып келеді. Өз ісін ерекше махаббатпен, шын ниетімен адал атқарған ұстаз жақында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында «Bilim orkeniеt» ұлттық иновациялық ғылыми зерттеу орталығы Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды тауып, қоғамға кеңінен насихаттау, жастарға үлгі ету мақсатында «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атты республикалық байқауын ұйымдастырған болатын. Аталған байқаудың екі кезеңінде өзінің мықтылығын, шеберлігін танытқан Алтыншаш апай «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атағына лайық деп танылды. Ерекше әдіспен оқушы көңілін аулап, білімге құштарлығын аша білетін ұстаздың шәкірттері өлшеусіз еңбекті қайтарып келеді.
Алтыншаш апай жетекшілік еткен оқушылар жыл сайын аудандық, облыстық, республикалық олимпиадаларда, ғылыми жобаларда топ жарып, әрдайым көш басынан көрініп жүр. Сондай-ақ, 37 жыл тәжірибесі бар ұстаздың осы күнге дейін 48 шәкірті білім ұясын үздікке бітіріп шыққан. Бұл ұстаз үшін еселі еңбектің жемісі, мәртебенің төресі. Ендеше, алдағы уақытта да Алтыншаш Сейділдаеваның шәкірт тәрбиесінде жоғары жетістіктерге жете беруіне тілектеспіз.

Салтанат Әлімбетова,
№148 орта мектебінің кәсіподақ ұйымының төрайымы
03 желтоқсан 2021 ж. 879 0