«ҚР Құрметті азаматы» атанған ұстаз

Байқаудың мақсаты елдің өркендеу жолында жұмыла жұмыс істеген ардақты азаматтарға құрмет көрсету мен істеп жатқан жұмыстарын бағалау болып табылды. Онда білім саласынан бөлек, ауыл шаруашылық, бизнес, денсаулық саласында қызмет істеп жүрген барлық сала қызметкерлерінен 500 үміткер қатысты. Солардың ішінде 120 үміткер жеңімпаз деп танылды. Бір мақтанарлығы жеңімпаздар ішінде Қызылорда қаласы, Шиелі ауданы Алғабас ауылының N157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Қанатқызы да бар. Ол «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» атты байқауының жеңімпазы атанды. Ұрпақ тәрбиелеу арқылы, ұлтты тәрбиелейтін ардақты атқа лайық А.Қоныстың бұл алғашқы немесе соңғы марапаты емес. Үнемі ізденіс үтінде жүретін ұстаздың оқушыларға үйретері көп.
Ұстаздық жолда жүріп талай бәсекелерде бақ сынап, жүлделі орынды қанжығасына байлап жүрген А.Қанатқызының «Құрметті азамат» атағымен марапатталуы абыройын асқақтатып, бәсін биіктетіп тұрғандай әсер қалдырды. А.Қанатқызы ұстаздық жолда 16 жылдан бері адами қасиеттерімен шәкірттері және әріптестеріне үлгі болып жүрген тәжірибелі маман. Ол үнемі оқушылардың іздену, зерттеу қабілеттерін дамыту бағытында нәтижелі жұмыс атқарып жүрген ұстаз. Марапат иесінің мұғалімдік қызметте де, отбасылық өмірде де өзінен кейінгілерге көрсетіп жатқан үлгісін, жеткен жетістіктерін айтып тауысу мүмкін емес.
Ш.ШАҒДАТҰЛЫ