Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ауылдың Алтынсарині» атанған

«Ауылдың Алтынсарині» атанған

МҰҒАЛІМ БОЛУ – ӘРКІМНІҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕДІ. АЛ, НАҒЫЗ ҰСТАЗ БОЛУ ҮШІН КӨП ЕҢБЕК ПЕН ТЕР ТӨГУ ҚАЖЕТ. МАҚАЛмызға 44 ЖЫЛДАН АСА САНАЛЫ ҒҰМЫРЫН ҰСТАЗДЫҚ ЖОЛҒА АРНАП, БІЛІМ САЛАСЫНДА ЕЛЕУЛІ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕН НАҒЫЗ ҰСТАЗДЫҢ БІРІ – Әбілбек Жолдасов арқау болмақ.
Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген. Ә.Жолдасов та өмірден тоқығаны мол, терең білім, берік ұстаным, іскерлік қабілет және үлкен азаматтық парасат иесі болатын.
Көкірегінде сәулесі бар әр адам «Зымыраған заманның ағымына ілесіп, жүйткіген уақыт көшінен қалып қоймай, бойымдағы барымды, көкейге жиған нәрімді елдің игілігіне жұмсасам» деп талпынары хақ. Ұлағатты ұстаздың өнегелі өмір жолын байсалдылықпен ой сүзгісінен өткізуге болады. Ол 1923 жылдың 21 қаңтарында Жиделіарық ауылында дүниеге келген. 1936 жылы жеті жылдық мектепті, 1939 жылы Қызылорда педагогикалық техникумын аяқтайды. Сол жылы №206 «Жиделіарық» жеті жылдық орталау мектебіне бас­тауыш сынып мұғалімі болып қабылданып, өмірінің соңына дейін осы білім ордасында абыройлы еңбек етеді. Әбілбек ақсақалдың сол кездегі еңбекқорлығына, тынымсыз тірлігіне сүйсінген ауыл ақсақалдары мен өзінің шәкірттері «ауылдың Алтынсарині» деп лақап ат қойып алса керек. Заңды құжатпен бекітіліп, нақтыланбаса да, халық берген аттан артық баға болмайтынына өмірдің өзі дәлел.
«Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға». Ол өмірінің 44 жылын ұстаздық еңбек жолына, 20 жылдан астам уақытын мектеп директоры қызметіне арнаған. 1960 жылы ауылдан төрт жылдық жаңа мектеп бой көтерді. Осы сәтте мектепте директор қызметін атқарып жүрген Ә.Жолдасов құрылыстың басы-қасында жүріп, сапалы соғылуын өзі қадағалады. Жаңа, әсем білім ордасы балаларының игілігіне берілгеніне қуанған жұрт Әбілбек ақсақалдың сол кездегі еңбегін әлі күнге ұмытпайды. Ал 1968 жылы оқу орны 8 жылдық орталау мектеп болып қайта ашылды.
1940 жылы осы мектептің табалдырығын аттап, Әбілбек ағайдан білім алған шәкірттері Әбен Бакиров пен Құрбан ­Оспановтар ұстаздарының қарапайым келбетін сағынышпен еске алып отырады. Сондай естеліктерінің бірінде «Сыныптан сыныпқа көшіп, адасып қалған оқушыны қолынан жетектеп, «Міне, менің сыныбың, мынау партаң» деп басынан сипап, қамқорлық жасаудан жалықпайтын» деп қайран қалатын. Шынында да Әбілбек ақсақалдың қарапайымдылығы мен мейірімділігі, кең пейілі бөлек бір әңгімеге арқау болатындай еді.
Шығыс ойшылы Жүсіп Баласағұн: «Адамның мәңгі болмағы, оның ары мен елі үшін еткен еңбегінде» деуінің өзі бекер емес, өйткені ұстаздықтың ұлы жолын таңдаған әр адамның бойында үздіксіз ізденіс пен тынымсыз еңбек ету қасиеттері болуы шарт. Өз шәкірттеріне сүйіспеншілікпен қарай алмаған мұғалімнен жақсы маман шықпасы анық. Ал, Әбібек Жолдасовты алатын болсақ, сан мыңдаған шәкірттер мен жас мамандарды тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз еді.
«Ұстазсыз шәкірт тұл». Әбілбек ақсақалдың да Қален Әбдешов, Сұлтан Шабаев, Әбен Бакиров, Әбілдахан Мұхамеджан, Әбілбек Кенжебеков, Досмахан Сұлтанов, Мектеген Әбішбаев, Сандыбай Нұрманов, Нұриддин Аюпов сынды шәкірттері бүгінде сан-салада қызмет жасап, еліміздің гүлденуіне тер төгуде. Сондықтан ардагер ұстазды білімі мен біліктілігін шыңдау жолында игілікті істер қалдырған ұлағатты ұстаздар қатарына жатқызуымызға толық негіз бар. Өнегелі ғұмырында қаншама шәкіртті білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік дарыта білген Ә.Жолдасов шәкірттерінің білімге деген сүйіспеншіліктерін оята білген жан.
Білім саласындағы абыройлы еңбегінің жемісі болса керек, білікті ұстаз 1953 жылы «Құрмет белігісі» орденімен марапатталды. Одан бөлек Ә.Жолдасов еңбек жолында көптеген алғыс хат, мақтау қағаздарын иеленген. Бірақ, адам ның адамшылығы марапат қағазымен ғана өлшенбек емес, адамды одан да биік етіп, қосымша көрік беріп тұратын – адами қасиеттері, игілікті істері болмақ. Жүзінен шуақ, сөздерінен жылылық төгіліп тұрған ұлағатты мамандық иелері өнегелі өмірі мен еселі еңбегінің арқасында айналасына қадірлі болары сөзсіз.
Әбілбек ақсақал досқа да бай еді. Оның жақын досы қоғам қайраткері Ғафур Мұхамеджанов болса, әріптес достары Дүйсен ­Тайманов, Ертай Есенгелдиев, Қани Жорабеков, Кенбай ­Доланбеков, Ахат Айтпанбеков, Тұтқабай ­Молдырайымов, Сәрсенбек Байжанов, Қани Сүлейменовтер болатын.
Кавказ халқында «Тауға жақындаған сайын оның биіктігін түсінесің» деген мәтел бар. Ол – Әбілбек Жолдасовқа қатысты айтылғандай, өйткені, сол тау секілді өміріне үңілген пендеге биіктей түсетіндей. Оны сіз бен біз жақсы білеміз.

Әбутәліп Жолтаев,
Жиделіарық ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

28 наурыз 2022 ж. 545 0