Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім мәртебелі маман иесі

Мұғалім мәртебелі маман иесі

 Қазір бой салыстыратын заман емес, ой салыстыратын заман. Оған күнделікті өзгеріп жатқан жаңа технология мен қарыштап дамыған жасанды интеллект дәлел. Яғни бүгінгі күні бәсекеге қабілетті болғыңыз келсе, тек жас кезде ғана емес, күн сайын ізденіп, біліміңізді жетілдіріп отыру керек. Елімізде коронавирус індетінің белең алуына байланысты төтенше жағдай жарияланып, оқушылар төртінші тоқсанды онлайн оқып аяқтаған болатын. Осындай жаһан халқын тәубесіне келтірген вирустың салдарынан барлық ата-ана мен оқушылар мұғалімнің қадірін шын ұғынғандай.
Тәуелсіздік алып, аяққа енді тұра бастаған еліміз 30 жылдың ішінде үлкен қадамдар жасап үлгерді. Аспанмен таласқан ғимараттары бар заманауи астанасын салып, «көштен қалмауға» тырысқан дамушы ел жаңа технологияның сырын меңгеруде де біраз жетістікке жетті. Атап айтар болсақ, өнертапқыш талантты жастардың басын қосқан Astana Hub пен бүкіл мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ қолжетімді еткен E-Gov порталы. Бүгінгідей тартысты заманда «өз дегеніңді болдырып, беделіңді сақтап қалу үшін» сауатты, білімді ұрпақ қажет. Ал ол ұрпақты қалыптастыратын ең алдымен ұстаздар қауымы. Осы тұста Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз» деген сөзі еріксіз ойға оралады
«Болашақ – білімді жастар қолында» деп жиі айтатын Елбасы 2018 жылы Халыққа арнаған Жолдауында шұғыл түрде педагог мәртебесін өсіретін заң қабылдауды тапсырған болатын.
«Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шаралар қарастырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгеді: сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді, оларды артық жұмыстан босату керек, олар сабаққа дайындалуы керек» деген болатын Н.Назарбаев.
Бұл бастаманы ұстаздар да, халық та жылы қабылдап, бірден қоғамдық қызу талқылау басталып кетті. Депутаттар да, ұстаздар да өз ойларын ашық айтқан болатын. Нәтижесінде заңның жобасы дайын болды.
192 бап, ауқымды 5 бағыттан тұратын заң жобасын 2019 жылдың тамызында Үкімет бірауыздан бекітті. Құжат материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды.
Онда құжатқа көміліп, үйді аралап, адам мен жануарлардың есебін жүргізген ұстаздар барлық қоғамдық шаралардан босатылатыны айтылған. Құжатқа сәйкес, ұстаз кәсіби қызметінен тыс жұмыстың бәрінен арылады. Өз қалауымен істесе, оған қосымша ақы төленеді. Ал мұғалімді еркінен тыс жұмысқа тартқандарға айыппұл салынады
Коронавирус келгелі оқушыларға қашықтан оқу жүйесі енгізілді. Соңғы тоқсанда мұғалімдер оқушылармен тек «Skype», «Zoom», «Google Classroom»,«Daryn Online», «Bilimland.kz» сынды мобильді қосымшалар арқылы ғана тілдесе алды. Алайда, бұл аталған қосымшалардың ешқайсысы мектептегідей білім алғанға жетпеді. Оқушылардың барлығы үйде оқығысы келмейтіндіктерін айтып, білім ордалары мен ұстаздарына өз сағыныштарын білдіріп жатты. Жасыратыны жоқ, карантин уақыты біздерге көп нәрсені үйретті, ұғындырды. Соның ішінде мектептің қандай қасиетті екенін, ондағы ұстаздардың атқаратын рөлін мықтап көрсетті.
Жалпы «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қоғамда ең көп талқыланған жоба болды. Нәтижесінде қайткенмен де мұғалімнің абыройы артатыны анық. Мағжан Жұмабаев айтпақшы «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады».
28 тамыз 2020 ж. 368 0