Төртінші өнеркәсіптік революция – ІТ-технология заманы
Сәт сайын қарыштап дамыған елде, болашақта барлық дүниені бармақпен басқаратын боламыз. Смартфонның бетін сипап, біз үшін жұмыс жасайтын робототехникалар да пайда болмақ. Елбасы айтқан «Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріндегі дамудың жаңа мүмкіндіктері» міне осылар болмақ. Ол үшін мектеп қабырғасынан бастап, ЖОО-на дейін цифрлы жүйеге көшіп, жаңа заманауи мамандар даярлану үстінде. Осы орайда ІТ-технологияның құдіреті мен күшін білмекке Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ақпараттық технологиялар және ғылыми жұмыстарды коммерцияландыру басқармасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты Нұрлан Құлмырзаевпен әңгімелескен едік.
– Елбасы айтқан төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам бастық. Дамыған отыздықтың қатарынан көріну үшін ІТ-технологияның қаншалықты маңызы бар?
– Төртінші өнеркәсіптік революция – ІТ-технология заманы. Яғни, интернет әлемі. Көш басындағы елдердің көз ілеспес жылдамдықпен дамуы осы ақпараттық технологияның жетілуімен тікелей байланысты. Бұрын ақпараттық технология маманы кім, олар нені білу керек? – деген сауалға математиканы білуі шарт деп жауап беретінбіз. Ал, енді бәрі мүлдем өзгеше. Оларға артылатын жүк ауырлай түседі. Өйткені, ақпараттық технология маманы барлық саланы меңгеруі керек. Бұл – интернет арқылы барлық технологияны саусағымызды қозғалту арқылы орнынан қозғалтатын күнге жетеміз деген сөз. Бағдарламашы ретінде мысал келтірер болсам, қарапайым цемент зауытын алсақ. Шиелі ауданынан бой көтеріп жатқан зауыттың бағдарламасын жазар болсақ, алдымен цемент қалай шығады, неден жасалады, қайда жіберіледі т.с.с барлық нәрсені жетік білуді талап етеді. Яғни, бір ғана нәрсені жасау үшін бірнеше саланы меңгеруді талап етеді. Бұл дамушы ел ретіндегі заман талабы.
– Биыл елімізде 147 мыңнан астам түлек мектеп бітірді. Ал, Қызылорда облысында 7113 түлек үлкен өмірге қадам басты. Сол жас түлектерге қандай мамандықтар таңдауды ұсынар едіңіз? Сондай-ақ, ІТ-технологиямен ұштастыра білім беретін қандай оқу ордалары бар?
– Әлем бойынша 2020 жылға қарай еңбек нарығында 40 млн. жоғары білімді маманға қажеттілік туындайды деген болжам бар. Демек, алдағы уақытта біршама өзгерістер пайда болуы мүмкін. Ол туралы 2015 жылы Оксфорд университетінің баспасынан жарық көрген Ричард Сасскинд пен Дэниель Сасскиндтің «Мамандықтар болашағы» (The Future of the Professions) атты кітабында былай делінген. Болашақта, бүгінгі мамандықтарды екі түрлі өзгеріс күтіп тұр. Біріншіден, жаңа технологиялар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілдетуі мүмкін. Мысалы, дәрігер емделушімен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Мысалы, жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманының жұмысын жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар кесірінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін. Олай болса алдағы уақытта әрбір мамандық озық технологияны меңгеруге бейімделеді. Ең бастысы қандай оқу ордасында оқығаны емес, мамандықты тереңінен білуінде. Елбасы Н.Назарбаев: «Ең бастысы – еңбек нарығында сұраныс бар мамандыққа ие болу. Бұл, әсіресе, ақпараттық технологиялар, өндірісті цифрландыру және компьютерлендіру дәуірінде өзекті болмақ. Таяу болашақта қазіргі мамандықтардың 50 пайызына сұраныс болмайды. Сондықтан, уақыт талабына сай болу керек», деген болатын. Осы орайда Қорқыт Ата атындағы ҚМУ ақпараттық технология бойынша бірнеше мамандықтар оқытылады. Нақтырақ айтар болсақ, есептеу техника және бағдарламаны қамтамасыз ету, мектептегі информатика пәні мұғалімі, ғылыми бағытта информатика-жаратылыстану, ақпараттық жүйелер мен ақпаратты қорғау сынды мамандықтар бар.
P.S: Болашақты бағдарлап, ІТ-технологияның күш-құдіретін пайдаланар болсақ әлеуеті артқан, экономикасы жанданған, ең бай мемлекеттер қатарында көш бастап, дамыған елдермен терезе теңестірер күнге жетеміз. Облыс әкімі Қ.Көшербаев айтқандай, қазіргі таңның алтыны мұнай емес, ол ақпараттық технология екенін ескерсек, ІТ-технология алға қойған жоспарымыздың ең негізгісі.
Сұқбаттасқан:
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.