Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » РУХ ПЕН НАМЫС БАЙРАҒЫН ҚҰЛАТПАҒАН

РУХ ПЕН НАМЫС БАЙРАҒЫН ҚҰЛАТПАҒАН

Бозбалалық шағы 1941-1945 жылдарға тұспа-тұс келген ер азаматтардың барлығының маңдайына Отан үшін қан майданда қаймықпай, от кешу тағдыры жазылды десек артық айтқандық емес. Осындай жастардың қатарында Шиелі ауданы, Тартоғай ауылының тумасы Балғабай Ақшалов та болған еді.


«Ежелден ер деген даңқымыз шықты ғой». Әнұранның осы жолына келгенде ерекше рухтанатынымыз белгілі. Ал рухымыздың асқақтауына сонау көк түрік заманында «Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік» деп тасқа қашап жазып кеткен бабаларымыздан бастап, Ұлы Отан соғысында халқымыздың даңқын асқақтатқан Бауыржандай баһадүрлеріміздің өр намысы мен шексіз батырлығы себеп. Қазақ тарихы – ұлт ретінде сақталып қалу жолында жан алысып, жан беріскен алапат майдандардан тұратын қаһармандық тарих. Ұлы Отан соғысында қашан да ар-намысты бәрінен биік ұстап, ұрпақ үшін, ел үшін қан майданға түскен батырлар қазақтың даңқын жер-жаһанға жайды. Орыстың жазушысы Илья Эренбург 1942 жылы сол кездегі Кеңес Одағының бас газеті – «Правдада»: «Бір фриц маған былай деді: «Бізге қарай от-жалын да тоқтата алмайтын, қайтпас-қайсар солдаттар қарсы шапты. Кейін мен олардың қазақтар екендігін білдім. Даланың аптап ыстығы мен қақаған суығына шыныққан бұл ержүрек халық Шығыста тұрады. Олар үшін ар-намыс бәрінен жоғары», – деп жазды. Иә, Ұлы Отан соғысына қазақ азаматтарының сіңірген еңбегі ерен. 1941-1945 жылдары майданға 1 млн 200 мыңға жуық қазақстандық азамат аттанған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы және 50-ге жуық полктар мен батальондар жасақталған. Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына 5909 адам аттанып, 1862-сі елге оралған. Адамзат баласы үшін аса ауыр, зобалаң жылдарды туғызған осынау қан майданда шиелілік 2268 сарбаз қаза тауып, 1379 азамат хабар-ошарсыз кеткен. Екінші дүнежүзілік соғыстың, барша адамзат баласына әкелмеген қасіреті, көрсетпеген зардабы жоқ. Тіпті, алдына мақсат қойып, артына ұрпақ қалдырып үлгермеген миллиондаған боздақтың қаны төгілді. Бұл жеңіс жолында қыршын жастар, ақ жаулықты аналар мен қайратты ағалар жеңіс жолында құрбан болды. Өзінің ер тұлғасымен, батырға тән ірі кескіні, айбарлы бет-пішінімен, жуан да екпінді дауысымен, ширақ қимылымен фашистік Германияны тізе бүктіруге күш салған ардагерлердің қатарында Балғабай Ақшалов болды. Ол 1916 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. Жастайынан еңбектің бел ортасында өсіп, тынымсыз тіршіліктің тауқіметін тартты. Бойға қуат, білекке күш біткеннен қара жұмыстан қашпады. 1941-1942 жылдары Ұлы Отан соғысы тұтанған сәтте еш ойланбастан қан майданға аттанып кете барды. «Қызыл әскер» қатарына алынып Сталинград түбінде шайқасқан жас жауынгер, 1942 жылдың кыркүйегінде Дон, бірінші Беларус, 1943 жылдың наурыз айынан бастап 53-ші арнайы темір жол бойы полкінде, 1944 жылы бірінші Украин соғысында жауға қарсы тұрады. Майдан шебіндегі шым-шытырық ахуал Балғабай батырдың шыдамдылығын шыңдай түседі. Ол 1947 жылдың қараша айына дейін Лов бөлімшесінің темір жол батальонында, 1947-1948 жылдың қараша мен наурыз айында 31-бөлімше «Мостовая база» батальонында слесарь ефрейтор қызметін атқарады. Қазақ халқының даңқты ұлы, Ұлы Отан соғысының қаһарман қолбасшыларының бірі Бауыржан Момышұлы: «Біз майданда белуардан қан кештік. Тылда жүріп көз жасымызды көл еттік. Күн, түн демей еңбек етіп, жеңіс үшін тер төктік. Осының бәрін Отан алдында адамгершілік, намыс алдында ақ ниетпен азаматтық борышымызды өтеу үшін істедік. Жауынгердің сағынышы, ата-ананың қайғысы, жардың мұңы, жетім-жесірдің көз жасы әрқайсымыздың көз алдымызда. Мен өзім қырық жылғы қырғында аман қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлердің қаза тапқанын өз көзіммен көргенмін» – деген еді. Осы қырғынның ішінен еліне, туған-туысына аман оралғандардың бірі – Балғабай Ақшалов. Қан майдандағы қақтығыс аяқталып, жеңіс туын көтерген майдангер 1948 жылы елге оралады. Оқ пен оттың арасынан аман шыққан жауынгер елге келіп, еңбектің бел ортасына еніп кетеді. Сұрапыл соғыстан кейінгі ахуал тынымсыз тіршілікті қажет етті. Майдангердің көзін көрген Шиелі ауданының құрметті азаматы Айжамал Әбдіхамитқызы «Балғабай аға үнсіз, бірізді, салмақты жан болатын. Қолынан келер істің ешбірін талғап жатпайтын. Ол кісінің болмыс бітімінен батырлықтың үлгісін көруге болатын. Аз сөйлесе де әр сөзінің салмағы болушы еді. Қара күштің иесі. Жары Бибіхан анамыз екеуі 6 ұл, 3 қызды тәрбиелеп өсірді. Бұл күндері ұрпағы өніп-өсіп, үлкен мәуелі бәйтерекке айналды. Балғабай ағамыз сабырлы қалпынан таңбай, ақылгөй, дана болмысымен бәріміздің есімізде сақталып қалды» деп естелігімен бөлісті. Елге келген Б.Ақшалов 1948 жылдан 1976 жылға дейін темірдің тілін тауып, жүргізуші болып үздіксіз қызмет етті. «Қиын қыстау мезетте қаншама адам көліктің кілтипанын таппай жолда қалса, Балғабай ағаның көлігі тоқтаған емес. Темірді тілсіз-ақ түсінетін. Діттеген межені сол мезетте орындап, тапсырманы тиянақты түгел орындайды. Тіпті жол-жөнекей ауыл адамдарына жәрдемін тигізе келетін. Игілін елге, шарапатын жан-жағындағы жандардың бәріне тигізуші еді» деп еске алды А.Әбдіхамитқызы. Сұм соғыстың салқынын сезінген сарбаздың бейбіт күндегі еңбегі еселі. Ерлік ескерусіз қалмады. 1967 жылы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталса, 1968 жылы «Жол ережесін сақтағаны үшін» екінші дәрежелі төс белгіні кеудесіне тағады. Бейбіт күнге жету жолындағы жанкешті ерлігінің өтеуіндей болған екінші дәрежелі «Даңқ» орденін кеудесіне қадады. Ұлы Жеңістің 20, 25, 30, 40, 50, 60, 70 жылдық медальдарын иеленді. Бұл әрине көзсіз батырлықтың, сұрапыл соғыстағы қиындықтың құнына татымайды. Десек те майдангерге құрмет көрсету, батыр баба рухына тағзым жасау кешегі, бүгінгі, ертеңгі біздің асыл міндетіміз. Ерлік даңқы өшпейді. Ер есімі ұмытылмайды. Ұлы Отан соғысының ардагеріне арнайы көше беріліп, есім-сойы хатқа жазғандай хатталып қалса ұрпағының көрсеткен құрметі сол болмақ!

Гүлнәр ӘБДІХАНИҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
25 қараша 2025 ж. 34 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930