Соғыстың сызы кеткен жоқ
Қаншама боздақтың өмірін қыршыннан қиған Ұлы Отан соғысы 1941 жылдың 22 маусымында тұтанған еді. Жымысқы оймен 1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай фашистік Германия қысқа мерзім ішінде Кеңес өкіметін басып алуды көздеген болатын. Алайда, одақтас елдердің өжет рухы мен қайтпас қайсарлығының арқасында, сан мыңдаған адам шығынымен бұл соғыс біздер үшін жеңіспен, Ұлы Жеңіспен аяқталды.
Ұлы Жеңіс жолында қазақ ұлты да жанын пида етті. Қазақстандық жауынгерлер Брест қамалынан бастап Берлинге дейін барып, ел үшін етіктерімен қан кешті. Олар Сталиниград түбіндегі жертөлелерде, Днепр өткелінде, Москва мен Ленинград үшін болған ұрыстарда ерліктің ерен үлгісін көрсете білді. Украинаны, Кавказды, Белоруссияны, Қырымды, Прибалтиканы азат етті, Польша, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Болгария, Германия жерлеріндегі майдан жолдарында Жеңіс туын көтеріп өтті. Жалпы, Ұлы Отан соғысы жылдарында қандас қаһармандарымыз қатыспаған бірде бір шайқас болмады.
Қазақ халқы ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық. Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ, қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді.
Қатарында мыңдаған қазақстандықтар да болған кеңес жауынгерлері Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап бұл соғыста асқан батылдықпен жауға қарсы тұрды. 1942 жылдың 1 қаңтарына дейін Қазақстанда армия қатарына 300 мыңдай сарбаз болса, ал соғыс кезінде 1 миллион 200 мыңнан артық қазақстандық әскериге шақырылды дейді дереккөздері де. Майданға 14,1 мың жүк және жеңіл автокөлік, 1,5 мың шынжыртабан трактор, 110,4 мың жылқы мен 16,2 мың арба жіберілді. Мұнан өзге қаншама азық-түлік тауарлары мен шикізаттар «бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деп соғыс даласына аттандырылып жатты. Ал, Шиелі ауданы бойынша Ұлы Отан соғысы жылдары 5909 адам майданға аттанды. Оның 2688-і қаза тапса, 1379-ы хабар ошарсыз кеткен. Бұл күнде бейбіт күннің берекесіне айналып отырған сол бір Ұлы Отан соғысының жалғыз ғана көзі тірі ардагері Сәрсенбек Байжанов атамыз бар ортамызда.
Ұлы Жеңістің ұмытылмайтыны сияқты, соғыс та ұмытылмастай ізін қалдырды. Шежіресі төгіліп, тарихы сайрап жатқан сайын даласын сырттан келгендерге «сарқыт» етпес үшін жан пида еткен ержүрек ерлеріміздің ғұмыры ерлікке толы. Отбасын асырау міндетін ел қорғап, жер сақтауға, халықтың тыныш өмірінің қорғаны қызметіне айырбастаған сарбаздар баласын мінгізген иығына қару асынды. «Ер мойнында қыл арқан шірімес» деген тәмсіл жүгінің ауырлығы сол заманда өмір сүрген ер-азаматтар үшін анық сезілді. Себебі, олардың кейбірі Отан қорғау үшін майдан шебіне аттанарда босағасын соңғы рет көріп, анасының «аман бол!» деген сөзін естімейтінін, баласын қайталап иіскемейтінін, жарының жылуы – енді қайтып сезілмейтінін сезген жоқ. Сол зұлматты жылдар қаншама жанның өмірін қиды, қаншама жан мүгедек халге түсті. Тіпті, аман-есен оралып келгендердің ойларында от оранған күндердің елесі қалды. Аңызы – халық жүрегінде, ақиқаты – өшпес ерлік жасағанында. Осындай ерен ерлігі тарих дастанына айналған азаматтардың еңбегі мен есімі де ұмытылмайды. Егемен ел болып, еңсемізді тіктегеніміз де сол ерліктің арқасы. Осылайша, халықтың қажыр-қайраты мен тілеуінің арқасында 1945 жылдың 9 мамырында көптен күткен Ұлы Жеңіс күні туды.
Жеңіс жеңіл сөз емес!
1945 жылдың 9 мамыры... Жылдан-жылға алыстап бара жатқан мерзім. Дей тұрғанмен, Ұлы Жеңістің анық бағасы мен маңызы біздің жадымызда мәңгі орын алған деуге болады. Ұлы Жеңіс тойы – бұрынғы кеңестік халықтардың ортақ, басты мерекелерінің бірі. Бұл мереке – жанқияр ерліктің, еңселі елдіктің рухы өрлеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Бүгінгі тәуелсіздік тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы да, еліміздің өркендеуі мен елордамыздың гүлденуі де – осынау мерекенің жемісі. Ұлы Отан соғысы біздің халқымыздың, аға буын өкілдерінің, біздердің әкелеріміз бен аналарымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытқан қасиетті соғыс болса, Ұлы Жеңіс аға ұрпақтың Ұлы ерлігін мәңгілікке ел жадында сақтауға арналған ең қастерлі мереке.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ